Білім саласы ерекше серпінмен дамып келеді
Тағы да бір оқу жылы аяқталды. Мектеп қабырғасынан алған 11 жылдық білімімен түлектер жаңа болашаққа таудай арманымен қадам баспақ. Жоғары білім алуға деген мақсатын өміріне шамшырақ еткен түлектердің болашағына сәттілік тілейміз. Еңбекпен өмірін нұрландырғысы келген түлектерге де дүниеге бір кірпіш болып қаланып, мектеп қабырғасынан алған өнеге мен тәрбиенің үздік үлгісін серік етіп қадамдары оң болсын дейміз.
Жаңа үміт, жаңа болашақ, жаңа күш – түлектер ел игілігі үшін қажыр қайратын болашағымыздың өркендеуіне арнайды деп сенеміз.
Ағымдағы оқу жылының аяқталуы түлектерді толқытқаны рас. Қуаныш пен қимастық қатар бойды билеген жалынды жастар аяулы ұстаздарымен, мектебімен бірер күндерден соң жырақтайтыны да өмір заңдылығы. Балалық дәуреннің қақпасы – алтын ұя мектебінен біліммен қанаттанған қарлығаштар арман биігіне қанатын қомдайды.
Биылғы жылдың нәтижесі қандай сыйын алға тартып отыр? Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Оршубеков Нурбек Абубекович «2024-2025 оқу жылының аяқталуы: негізгі жетістіктер мен нәтижелер» тақырыбындағы брифингте өңірде білім саласы бойынша атқарылған жұмыстар мен жыл қорытындысы бойынша мәлімдеді.
2024-2025 оқу жылында өңірімізде 523 орта білім беру ұйымдарында 247 422 оқушы мектепті аяқтады. Соның ішінде 9 сыныпты 23 462 оқушы бітірді. Олардың арасында алдағы уақытта 10-сыныпты жалғастыру немесе колледжге түсу туралы шешім қабылдайтындары болатыны белгілі. 11 сыныпты 14 570 түлек тәмамдап, үлкен өмірге жол тартады. ҚР Оқу-ағарту Министрінің бұйрығына сәйкес мектептерде оқу мерзімі дәстүрлі түрде 25 мамырда аяқталды. Барлық білім алушылар арасында 1-4 сыныптарда «Таза Қазақстан», 5-9 сыныптарда «Заң және тәртіп», 10-11 сыныптарда «Адал азамат» тақырыптарында эссе жазу байқауы өтті. Сынып сағаттарында эссені үздік жазған оқушылар марапатталды.11-сынып түлектері үшін 24 мамырда мектеп қабырғасында «Мектебім, саған, мың алғыс» атты салтанатты шара өткізілді. Сонымен қатар оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес 9 және 11 сынып оқушылары үшін қорытынды мемлекеттік емтихандардың мерзімдері айқындалды. 9-сынып оқушылары үшін қорытынды мемлекеттік емтихандар 4 пәннен (Математика, Қазақ/орыс тілі, таңдау пәні, оқыту тілдеріне қарай орыс тілі немесе қазақ тілі) 2025 жылғы 29 мамыр мен 10 маусым аралығында өтеді деп жоспарланса, 11 сынып түлектері ағымдағы жылғы 30 мамыр мен 16 маусым аралығында 5 пәннен (Қазақстан тарихы, Математика, Қазақ/орыс тілі, таңдау пәні, оқыту тілдеріне қарай орыс тілі немесе қазақ тілі мемлекеттік бітіру емтихандарын тапсырады.
Өткен жылы тұңғыш рет барлық мектептерде оқыту тіліне қарамай қазақ тілі және әдебиет пәнінен аралық емтихандар енгізілген болатын. Аралық емтиханды 5,6,7,8,10 сынып оқушылары 27-31 мамыр аралығында тапсырады. Бұл емтиханның мақсаты оқушылардың мемлекеттік тілді оқып үйрену деңгейін анықтау және білімдерін шыңдауға дағдыландыруға бағытталған.
Ал «Алтын белгі» аттестаттарын алуға үміткерлердің жазбаша емтихан жұмыстарын облыстық білім басқармасы жанынан құрылған комиссия қарайды. Бүгінгі күні 714 мектеп бітіруші «Алтын белгі» төс белгісіне үміткер болса, 990 мектеп бітіруші үздік аттестатқа үміткер болып отыр. Мектеп бітіру аттестаттарын түлектерге тапсыру салтанатын 18-20 маусым аралығында өткізу жоспарланған.
Облыстық білім басқармасының басшысы Нурбек Абубекович брифингте мектеп бітіруші барлық оқушылар үшін тең жағдай мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мектеп форматынан тыс, сән-салтанатты іс-шаралар ұйымдастыру, ақша жинау, автокөлікпен шеруге шығу және басқа да ауқымды жағдайда мерекелеу түрлеріне жол берілмейтінін еске салды.
Әр жылдың өз ерекшелігі мен мерейді көтеретін жетістігі болатыны белгілі. 2024-2025 оқу жылында облыстың білім саласында атқарылған жұмыстар, жеткен жетістіктер мен атқарылған жұмыстар, негізгі нәтижелер қандай болды деген сауалдың жауабы сала қызметкерлері үшін де маңызды екені мәлім. Ендеше тарихы терең Жамбыл өңірінің білім саласында атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, 2024 жылы 16 білім нысанының (11 мектеп, 5 жапсарлас құрылыс) құрылысы аяқталды. Нәтижесінде, 8 оқушы орны тапшылығы бар, 3 үш ауысымды, 3 тозығы жеткен, 2 апатты мектептер мәселесі шешілді.
Мемлекет басшысының білім саласындағы бастамаларын жүзеге асыру шеңберінде Жамбыл облысында 2023 жылы 7 жайлы мектептің құрылысы басталып, оның 3-еуі 2024 жылы,1-еуі 2025 жылы пайдалануға берілді. Бұл жұмыстар өз жалғасын тауып, жыл соңына дейін тағы 3 мектептің құрылысы аяқталатыны айтылды.
2024 жылы өңір мектептері үшін 285 жаңа үлгідегі пәндік химия, физика, биология кабинеттері, 22 STEM зертханасы, 21 робототехника кабинеті, 53 ұлдарға және 52 қыздарға арналған шеберханалар сатып алынды. Мұны оқушылардың тәжірибелік дағдыларын дамытуға берілген мол мүмкіндік деуге болады. Сондай-ақ келесі кезеңде мектеп инфрақұрылымын бірыңғай заманауи форматқа көшіру көзделуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мектептерді реновациялау бағдарламасы басталды. 2025 жылы бұл бағдарлама аясында 10 мектепке жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.
Әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан және бастауыш сыныптарынан 110 мыңнан аса оқушы мектептерде тегін ыстық тамақпен қамтылды. Бұл – балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада сапалы білім алуына бағытталған игілікті қадам.
2024–2025 оқу жылының ең басты жетістіктерінің бірі – халықаралық, республикалық олимпиадалар мен байқауларда облыс атынан қатысқан оқушыларымыздың үздіксіз жүлдемен оралуы екенін атап айту ләзім. Республикалық ғылыми жобалар байқауында 35 оқушы жүлдегер атанып, өңір командасы «Ең үздік команда» деп танылды. «Зерде», «Ғылым әлемін ашамыз», Өмірбек Жолдасбеков атындағы және өзге де халықаралық конкурстарда жүзден жүйрік шыққан жастар түрлі медальдарға ие болды.
Жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша өткен республикалық олимпиадаларда Жамбыл облысының оқушылары 32 жүлде жеңіп алып, «Ең үздік олимпиадалық команда» атағын иеленді.
«Білім-Инновация» лицейінің, №41 және №5 гимназиялардың оқушылары еліміздің, ТМД және халықаралық жарыстарда топ жарып, ІТ, STEM, робототехника, информатика, өнер мен көркемсөз байқауларында жоғары нәтижелер көрсетті.
«Мың бала» ұлттық олимпиадасында соңғы үш жылда 357 ауыл оқушысы жеңімпаз атанып, олардың 268-і мамандандырылған мектептерге қабылданды.
«WORLDSKILLS KAZAKHSTAN-2024» чемпионатында облыс студенттері «Ақпараттық кабельдік желілер» құзыреттілігі бойынша І орын, «Бизнестегі ІТ шешімдер» құзыреттілігі бойынша ІІІ орын және 11 медальон алды. Бұл – Жамбыл өңірінің білім саласындағы жүйелі жұмысының, ұстаздардың еңбегі мен оқушылардың табандылығының айқын көрінісі.
Облысымызда 26 мыңнан астам педагог қызмет етеді. Қазіргі таңда сапалы білім беруді қамтамасыз етудің негізгі факторы – педагогтердің кәсіби шеберлігі мен олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту. Педагог мамандығының беделін көтеру мақсатында 2020 жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы екі есеге артты. Бұған қоса, біліктілік санаты бар ұстаздар лауазымдық жалақысының 35%-дан 50%-ға дейінгі мөлшерінде үстемеақы алады. Мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін дамыту мақсатында тұрақты түрде біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылуда. 2024 жылы 6137 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Мұндай курстар заманауи оқыту әдістерін меңгеруге, цифрлық технологияларды пайдалануға және пәндік білімдерін тереңдетуге көмектеседі. Сондай-ақ биылғы оқу жылы балалардың құқықтарын қорғау бойынша өңірде «Бестерек», «Komek Stop Bullying», «Психологиялық қызмет HR+», АИК (Аналитикалық интернет карта)жобалары мен KiVa, «ДосболLIKE» сынды бағдарламалар іске асырылуда. 2023-2024 оқу жылынан бастап барлық білім беру ұйымдарында еліміздің жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделген саясаты көрініс тапқан «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілді. Бағдарлама аясында барлық мектептерде балаларды тәрбиелеуде мектеп пен отбасы арасындағы өзара байланысты күшейту, позитивті ата-ана мәдениетін дамыту мақсатында Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары ашылды.
Жамбыл облысындағы білім алушылардың, тәрбиеленушілердің, педагогтердің, ата-аналардың психологиялық әл-ауқатын сақтауға және нығайтуға бағытталған психологиялық қызметтің бірыңғай жүйесін құру мақсатында Білім басқармасы жанынан Психологиялық қолдау орталығы ашылып, жұмыстар жасалуда.
Бүгінде облысымызда 42 (20 мемлекеттік, 22 мемлекеттік емес) техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында 28219 студент білім алуда. Оның ішінде 7248 (оның ішінде 3880 мемлекеттік тапсырыс) түлек биылғы жылы еңбек нарығына дипломмен шығады деп жоспарланып отыр.
2024 жылы маман даярлауға грант көлемі 7486 орын болса, биыл 7656 орын грант бөлінді.
2024 жылы қыркүйек айынан бастап студенттердің шәкіртақысы 2 есеге өсті (43574 теңге). Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде білім алатын 1019-ы жатақханамен, 7571 студент ыстық тамақпен қамтылып, 6000-ға жуық студентке жолшығындарын өтеу бойынша әлеуметтік қолдау тұрақты көрсетіліп келеді. Бұл өз кезегінде жастар арасында жұмысшы мамандықтарға түсуге ниет білдірушілердің қатарын арттыруға ықпал етті.
Айта кетерлігі облыста инвестициалық жобалар қарқынды дамыған, ауқымы бойынша республикада 1 орынмен назар аудартады. Бұл өз кезегінде техникалық және кәсіптік білімде үлкен трасформациялық жұмыстарды талап етеді.
2025-2027 жылдары металлургия саласындағы инвестициялық жоба ЖШС «Yonggang Iron and Steel Group Co.,Ltd» — 1000 жұмыс орны, Investment Co., Ltd. Fufeng Group Ltd жүгері өңдеу заводына — 500 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Осындай инвест жобаларға сапалы кадр дайындау мақсатында облыста шетелдік колледждің филиалын ашу жөнінде Қытай мемлекетінің Сиянь қаласындағы кәсіптік білім беру комитетімен Білім басқармасы арасында келісімге қол қойылды.
Өз кезегінде, ірі кәсіпорындардың базасында өндірістік дуалдық оқытудан өту, түлектерді өз мамандықтарымен жұмысқа орналастыру, ірі өндірістермен салалық кластерлер құру, серіктес кәсіпорындарында оқудан, тағылымдамадан өту жұмыстары да басталды. Бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасатыны да тілге тиек болды.
Басқарма басшысы баспасөз конференциясында ұстаздарды, ата-аналарды және оқушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтады. Оқу жылының аяқталуына арналған салтанатты шараларда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірлескен жұмысты тиянақты атқаруға шақырды.