Эмоцияларды басқару – рухани құндылықтар мен кәсіби шеберліктің үйлесімі
Мұғалімдердің сыныптағы эмоциялары білім беру процесінде шешуші рөл атқарады. Білім беру жүйесінде оқушылардың психологиялық жағдайына басымдық берілгенімен, соңғы жылдары мұғалімдердің эмоциялары мен психологиялық әл-ауқатының оқыту сапасына және оқушылардың нәтижелеріне тікелей әсер ететіндігіне ерекше көңіл бөлінуде. Мұғалімнің өз эмоциясын басқару қабілеті – тек кәсіби шеберліктің ғана емес, оқушылардың білімге құштарлығын арттырудың маңызды тетігі.
Мұғалім – оқушылар үшін тек білім беруші ғана емес, өмірлік үлгі бола алатын тұлға. Мұғалімнің сабағы қызықты әрі жылы атмосферада өтсе, бұл оқушылардың пәнге деген қызығушылығы мен белсенділігін арттырады. Керісінше, эмоциясын басқаруға қабілетсіз мұғалімнің ашушаңдығы мен бейқамдығы оқушылардың сабаққа ынтасын төмендетеді.Ыбырай Алтынсарин: «Егер балалар бірдемені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиісті емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кінәлауға тиіс», – деген ұлағатты сөзі мұғалімнің сабырлығы мен эмоционалдық тепе-теңдігінің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Эмоцияларды дұрыс басқару арқылы мұғалім оқушыларға білім алуға қолайлы, сенімді орта қалыптастыруы қажет.
Мұғалімнің эмоцияларын басқару қабілеті оның рухани құндылықтарымен тікелей байланысты. Рухани құндылықтар, яғни адамгершілік, сабырлылық, мейірімділік оқушылармен қарым-қатынастың негізін құрайды. Бұл қасиеттер оқушылардың білімге құштарлығын оятуға, олардың бойында ізгілік пен жауапкершілік сияқты қасиеттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Мұғалімнің эмоцияларды басқарудағы қабілетін дамыту және рухани құндылықтарды жетілдіру үшін келесі қадамдарды орындау ұсынылады:
- Өзін-өзі тану және бақылау. Мұғалімдер өз эмоцияларын түсініп, оларды қадағалауды үйренуі қажет. Бұл процесс өзіне шынайы баға беру арқылы жүзеге асады.Мысалы, қазақ әдебиеті сабағында оқушыларға М.Әуезовтің «Көксерек» повесіндегі Көксеректің тағдыры туралы пікірлерін айтуға мүмкіндік беру арқылы олардың ішкі сезімдерін ашуға көмектеседі. Олар Көксерекке аяушылық танытып, адамдардың қатыгездігі туралы айта бастаса, мұғалім оқушыларды сынға алмай, қолдап, басқа қырынан ойлануға мүмкіндік беруі керек. Бұл жағдайда мұғалім оқушыларды әртүрлі пікірлерді құрметтеуге және өз сезімдерін еркін білдіруге ынталандырады.
- Рухани байлықты арттыру. Кітап оқу арқылы ішкі әлемін байытып, тренингтер мен курстарға қатыса отырып, мұғалім өзін рухани жетілдіріп, осы байлықты оқушыларға жеткізе алады. Бұл тәсіл тек кәсіби шеберлікті емес, сонымен қатар жеке тұлғаның үйлесімділігін де қалыптастырады.
- Позитивті ойлау және сабырлық. Қиындықтарды шешуде сабырлылық танытып, әрбір жағдайдан оң нәтиже іздеу арқылы өз эмоцияларын тұрақтандыру.
- Релаксация және тынығу. Денсаулықты сақтау мақсатында үнемі медитация, тыныс алу жаттығулары немесе табиғат аясында серуендеу.
- Оқушыларға қолдау көрсету. Әр оқушының жеке басын сыйлап, олардың жетістіктерін мадақтау және қателіктерін мейірімділікпен түзету.
Мұғалімнің эмоциялары оқушылардың сабаққа қызығушылығына, материалды түсіну деңгейіне, өз білімі мен дағдыларын өмірде қолдану қабілетіне тікелей әсер етеді. Мысалы, Мұхтар Әуезовтің “Көксерек” повесін талдау сабағында мұғалім тақырыпқа шынайы қызығушылық танытып, шығарманың мазмұнын оқушыларға терең жеткізсе, олардың сабаққа белсенділігі артады. Мұғалім Көксеректің табиғат заңдылығынан туындаған әрекеттерін қызығушылықпен баяндап, Құрмаш пен қасқыр арасындағы қарым-қатынасты терең талдап көрсетсе, оқушылардың сыни ойлау дағдылары дамиды.
Төменде мұғалімдерге сауалнама ұсынылды. Бұл сауалнама арқылы мұғалімдер өз эмоцияларын басқару деңгейін және оның оқыту процесіне әсерін талдай алады.
Сауалнама: Мұғалімдердің эмоцияларын басқару деңгейі.
- Сабақ барысында өз эмоцияңызды қаншалықты басқара аласыз?
- Толығымен
- Жиі
- Кейде
- Сирек
- Мүлдем
- Сабақ кезінде эмоцияларыңыз оқушылардың белсенділігіне әсер ететінін байқайсыз ба?
- Иә, жиі
- Кейде
- Жоқ
- Сабақ алдында өзіңізді эмоциялық тұрғыдан дайындайсыз ба?
- Иә
- Жоқ
- Сабақ барысында оқушылардың қателіктеріне қалай жауап бересіз?
- Жылы шыраймен, қолдау арқылы
- Сын айта отырып, түзету арқылы
- Теріс эмоциямен
- Эмоцияларды басқару үшін қандай әдістер қолданасыз?
- Медитация
- Спорттық жаттығулар
- Біліктілікті арттыру курстары
- Басқа (анықтаңыз)
- Сабақтан тыс уақытта қандай іс-шаралармен айналысасыз?
- Хобби
- Отбасымен уақыт өткізу
- Достармен қарым-қатынас
- Басқа (анықтаңыз)
Қорыта келгенде, мұғалімнің эмоцияларын басқаруы – тек кәсіби шеберліктің емес, рухани кемелдіктің де көрінісі. Эмоцияларды реттей білу арқылы мұғалімдер оқушылармен сенімді қарым-қатынас орнатып, олардың білімге деген ынтасын арттырады. Бұл өз кезегінде сапалы білім беру жүйесінің негізін қалыптастырады. Мұғалімдердің өз эмоциясын басқаруы – заманауи білім беру жүйесінің басты талабы
Кайырбаева Алмагүл Ахтаевна, педагог-зерттеуші.
М.Әуезов атындағы №128 жалпы білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, мектеп тренері.
Алматы қаласы, Алмалы ауданы.