Әскери мектеп – патриоттық тәрбиенің іргетасы

Жамбыл өңіріндегі мамандандырылған әскери мектеп-интернатына табан тірегенімізде ұлттық және азаматтық рухты аспандатып тұрған жасөспірімдердің әскери алаңындағы жаттығуына назарымыз ауды. «Сабақты ине сәтімен» демекші бірнеше кадр суретті түсіріп алуға мүмкіндік туды. Облысымыздағы ата-аналарды елең еткізген әскери мектеп-интернатқа балаларын түсіруге ынталылардың қатары көп болды. 2025-2026 оқу жылына оқушыларды қабылдау 2025 жылдың 29 қыркүйек – 25 қазан күндері жүргізіліп, 620 өтініш түскен, оның ішінде 7,8,9 сыныптарға 180 тәрбиеленуші конкурстан өтті. 2025 жылы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында мамандандандырылған әскери мектеп-интернаты жаңадан ашылып, жұмысын атқара бастады. Ашылуына орай мемлекетіміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы келіп, жасөспірімдерді құттықтап, ішкі жағдайымен, жабдықталуымен танысты.

0

Ал педагогтарды кадрлық құрамға қабылдау қалай өріс алды деген сауалға келсек, әскери мектеп-интернатына қабылданатын педагогтер «Педагог лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі №338 бұйрығының талаптарына сәйкестігі бойынша қабылданған. Мұғалімдер мен тәрбиешілер  «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 31 наурыздағы № 57 және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2025 жылғы 31 наурыздағы №96 бірлескен бұйрығына сәйкес конкурстық негізде қабылданды.

Әскери мектеп-интернатының 2025-2026 оқу жылына арналған тарификациялық тізімі бойынша 37 педагог, 16 тәрбиеші, 16 тәрбиешінің көмекшісі еңбек етуде. Қаржыландыру облыстық бюджет есебінен жүргізіледі. Әскери бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыруға қолдау білдіруші –  Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы.

«Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының мамандандырылған әскери мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Жамбыл облысы әкімінің 2025 жылғы 5 тамыздағы №162 Қаулысымен құрылып, Жарғысы бекітілді. Заңды тұлға, мемлекеттік тіркеуден өтті. Білім беру қызметімен айналысуға арналған лицензия берілді. Оқыту мемлекеттік тілде жүргізіледі. Әскери мектеп-интернаттың оқушылары жаратылыстану-математикалық бағытта тереңдетіліп оқытылады.  Мектептің жалпы алаңы 2,87 га жерді қамтиды. Оқу ғимараты 7060,9 м² құрайды.

Жалпы мектеп-интернат ғимаратының сыйымдылығы 320 орынға арналған. Материалдық техникалық базасы талапқа сай жабдықталған. 39 оқу бөлмесі, 120 орындық асхана, 320 орындық жатақхана, 100 орындық мәжіліс залы, 1 спорт залы, 2 футбол алаңы, 1 саптық алаң, 1 STEM кабинеті, 1 робототехника кабинеті, 1 IT кабинеті бар.

Мектептің педагогикалық ұжымы оқушының бойына ұлттық рух пен патриоттық сана дарыта отырып, интеллектуалды әлеуеті жоғары, физикалық тұрғыдан дайын, жауапкершілік пен тәртіпті жете түсінетін, ел болашағына үлес қосуға дайын жас азаматты қалыптастыру мақсатында жұмыс істейді. Заманауи білім беру мен әскери-патриоттық тәрбиені ұштастыра отырып, оқушыны Отан қорғаушы, көшбасшы тұлға ретінде тәрбиелеуді мақсат еткен үлгілі әскери мектепке түсушілер — жүрек қалауын тапқан өрендер.Тәрбиеленушілерді әскери мектепке қабылдаудың өзіндік ережесі бар. Әскери мектеп-интернатқа оқушыларды қабылдау «Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы №564 бұйрығына сәйкес конкурстық негізде жүргізілген. Мамандандырылған мектеп-интернатқа оқуға түсу кезінде Қазақстан Республикасының 12 жасқа толған, жалпы білім беру мекемесінің 6-сыныбын ойдағыдай бітірген, денсаулық жағдайы бойынша жарамды, кәсіби-психологиялық іріктеу және дене шынықтыру даярлығы талаптарына сай келетін ер балалар қабылданған. Мектеп-интернатта  оқу мерзімі – жалпы білім беретін мектеп бағдарламасы бойынша 5 жыл (7-11-сыныптар). Әскери мектеп білім алушыларын оқыту және олардың интернатта  тұруы: орналасуы, тамақтануы қамтамасыз етілуі тегін түрде жүзеге асырылады.

   Мектеп-интернатқа кандидаттарды іріктеу кезінде  қазақ тілі, Қазақстан тарихы, математика, ағылшын тілі пәндерінен кешенді тестілеуден, кәсіби-психологиялық іріктеуден өтеді. Дене шынықтыру даярлығы бойынша нормативтер тапсырады. Медициналық куәландыруы болуы тиіс.

 

Мамандандырылған әскери мектеп-интернатының ерекшеліктері:

– Жаратылыстану-математикалық бағытындағы пәндер, информатика, ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылады.

– Ағылшын тілі үш топқа, алгебра, геометрия, физика, география, информатика пәндері екі топқа бөлініп оқытылады.

– Әскери, спорттық, музыкалық бағыттағы үйірмелер жүргізіледі.

– Оқушылар жатақханамен қамтамасыз етілген.

– Күніне 5 рет тамақтандыру қарастырылған.

– Оқушылар әскери мектеп формаларымен қамтамасыз етіледі.

Мамандандырылған әскери мектеп-интернатын тәмамдағандар болашақта жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастыра алады. Атап айтқанда:

* ҚР Қорғаныс министрлігінің жоғары оқу орындары;

* ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жоғары оқу орындары;

* ҚР Ішкі істер министрлігінің жоғары оқу орындары;

* ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің жоғары оқу орындары;

* ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің жоғары оқу орындары;

* Шет елдік жоғары және арнайы кәсіптік оқу орындары.

Бүгінгі таңда 7-8-9 сыныптардан 180 бала оқуға қабылданған. 5 мезгіл тамақтанады. Тамақтары құнарлы. Асхана 120 балаға арналған 90 баладан екі ауысыммен тамақтанады. 4-5 қабаттары оқу кабинеттері, 1-2-3 қабатта жатақхана бөлмелері бар.

Оқушылар арасында Амангелді Айдархан: «Осы мектеп-интернатқа №64 орта мектептен түстім. Желтоқсаннан бастап оқып жатырмыз. Болашақта ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет еткім келеді. Мен осы мектепке түскеніме өте қуаныштымын. Жатақхана жылы, барлық жағдай жасалған. Тағамы дәмді, құнарлы. Түске дейін сабақ оқыдық, түстен кейін жаттығу алаңында қосымша әскери жаттығумен айналысудамыз. Оқумен қатар спорттық әскери жаттығулар бізді ширақ етуге септігі мол. Әр уақытымызды тиімді пайдалы іске жұмсаймыз. Ал ата-анам менің осы әскери мектепке түскеніме, осы жолды таңдағаныма өте қуанды»,- деді бірер сауалымызға жауабын беріп. Барлық балалардың жанарында от ойнап, жүзінен қуаныштың лебі сезіледі.

 

Ғалиябану Үсенова

Leave A Reply

Your email address will not be published.