Жадыраған жаз айы, балалардың мәз айы
Әр жаз балалардың көңіл сарайында есте қаларлықтай қызыққа толы сәттерімен ерекше болары сөзсіз. Соның ішінде жазғы балалар демалысының лагерьде өтуі өте қызық. Әр күн есте қаларлық іс-шаралармен өрнектеліп, балалар өздеріне достар тауып, тағылымға толы байқауларға қатысады. Лагерь әсіресе тұйық балалардың көпшіл болуына ықпал етсе, өнерлінің қанатын қатайтады, біліммен, тәрбиемен ұштасқан жарыстарға атсалысу арқылы таным көкжиегі кеңейеді. Соның ішінде еңбекке баулу, табиғатты аялау, көңіл көкжиегін кеңейтетін саяхаттармен қамтылып, бір жазда ойын шыңдап, бойын өсіретін спорттық шаралар балаларға арналған бақыттың мекені – балалар лагері биылғы жаз жұмысына да сақадай сай.
Балалардың әр сағаты жоспарлы жұмыстар арқылы тиімді өтеді. Ағымдағы жылы облыста 1-10 сыныптарда 217757 оқушының 192867-і немесе 88,5%-ын демалыспен және сауықтырумен қамту мақсатындағы жұмыстар облыстық білім басқармасы тарапынан жүргізілуде (қала сыртындағы-6576, жыл бойы жұмыс істейтін-300, мектеп жанындағы тамақтанумен-33607,мектептің демалыс алаңдарында-147271, киіз үйлер мен шатырлы лагерьлер-3505 Республикалық лагерьлер-315, ата-ана, профсоюз-700, «Қазақстан халқы» қорынан-593)
Осы мақсатта ведомствоаралық 2024-2026 жылдарға арналған білім басқармасының іс-шаралар жоспары бекітілген. Сонымен қатар, жазғы сауықтыру науқанын ұйымдастыру мен өткізуді бақылауға алу мақсатында ведомствоаралық облыстық штабы құрылды.
Биылғы жаз маусымында 12 қала сыртындағы сауықтыру лагерьлері мен орталықтарының 7-і балаларды қабылдау бойынша дайындық жұмыстарын жүргізуде. Оның 1-і жыл бойғы жұмыс істейтін «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығы, 6-ы маусымдық (мемлекеттік «Балауса», «Жұлдыз», «Жұрындысай», жекеменшік «Болашақ», «Берікқара», «Тау самалы») лагерьлер. Аталған лагерьлерде көп балалы, аз қамтылған отбасының, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 7469 баланы сауықтырумен әрі демалыспен қамту жоспарлануда. Сонымен қатар 2025 жылы «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыстың оқу үздіктері, түрлі жарыстар мен байқаулардың жеңімпаздары 593 оқушы қала сыртындағы лагерьлерде демалыспен қамтылады.
Облыс бойынша 407 мектеп жанындағы тамақтанумен лагерьлердің жұмысы 2 маусымнан басталады. Бұл бағытта екі ауысымда 33607 баланы (әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасының балалары) қамту жоспарланған екен. Балалардың бос уақытын ұйымдастыру үшін 430 мектептің демалыс алаңдарында мектеп аумағын абаттандандыру, экологиялық және т.б. топтарда 31 мыңға жуық бала қамтылады деп күтілуде. Ал түрлі бағыттағы экскурсиялармен 21 мың бала, мектептегі және мектептен тыс үйірмелерде 60 мыңнан аса бала, дебаттық және пәндік олимпиадаларға дайындық жүргізіп, «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдердің белсенді топтарында 80 мыңнан аса баланы қамту жоспарланған.
Мектепішілік есепте тұрған 546 оқушы және полиция бөлімдерінің есебінде тұрған 158 оқушының 112-і қала сыртындағы лагерьлерге, 592-і мектеп жанындағы лагерьлерге қамтылады.
Тұрмысы қолайсыз отбасыларында тәрбиеленіп жатқан 289 оқушының 92-і қала сыртындағы лагерьлерде 197-і мектеп жанындағы лагерлерге қамтылады.
Облыс әкімдігінің білім басқармасының Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының 73 тәрбиеленушісі 56 күнге қала сыртындағы лагерьлерде демалады.
Жасыл желекпен көмкерілген, тау баурайымен үндескен дала табиғатының шұрайлы өңірлерінен орын тепкен демалыс лагерьлері жан жадыратып қана қоймайды, балалардың белсенді, бауырмашыл, еңбексүйгіш, өнерлі болып қалыптасуына ықпалы орасан деуге болады. Барлық балаларға құштарлықпен құшағын ашатын лагерь жұмысына яғни ондағы қызмет ететін педагогтер мен тәрбиешілерге істеріңіз берекелі, ойын-сауықпен ұштасқан қырағы қызметтеріңіз тағылымға, сәттіліктерге толы болсын дейміз.