Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды әлеуметтік-психологиялық қолдау

Дамудың күрделі бұзылулары бар балалар санының өсуі оларды қазіргі қоғамда әлеуметтендіру және бейімдеу жұмыстарын жандандыруды қажет етеді. Медицина, технология, сандық технологиялар, арнайы психология және түзету педагогикасы саласындағы ғылыми жетістіктерді баланың дамуының алғашқы кезеңдерінде кеңінен қолдану мүмкіндігі шектеулі балалардың бір бөлігі мектеп жасына дейін психикалық дамудың қалыпты деңгейіне жететіндігіне әкеледі, бұл бұрын оқшауланған жағдайларда байқалған, сондықтан ерекше деп саналды. Мұндай жағдайда ерекше психо-физикалық жағдайларды ерте диагностикалау және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеу мен оқытуда жеке бағдарламалар арқылы оқытуға дайындалған мектепке дейінгі мекемелер негізінде балаларға жан-жақты кешенді көмек маңызды шарт болып табылады.

0

Ерекше білім беруге қажеттілігі бар тұлғалар (балалар) (ЕБҚ) — даму ерекшеліктеріне, мінез-құлық және эмоциялық проблемаларына, орталық факторларына (әлеуметтік, психологиялық, экономикалық, лингвистикалық, мәдени) байланысты тиісті деңгейде білім алуда тұрақты немесе уақытша қиындықтары бар тұлғалар (балалар);

Ерекше білім беру қажеттілігі – оқу-дамыту барысындағы сапалы білім алуға тиісті көмекке және қызметке қажеттілік;

Білім алу үшін арнайы жағдайлар — ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар адамдардың (балалардың) оларсыз жалпы білім беретін оқу және білім беру бағдарламаларын меңгеруі мүмкін болмайтын, арнайы оқу бағдарламаларын және оқыту әдістерін, техникалық және өзге құралдарды, тыныс-тіршілігін, сондай-ақ медициналық, әлеуметтік және өзге де көрсетілетін қызметтерді қамтитын жағдайлар;

Психологиялық-педагогикалық қолдау – педагогтар мен мамандардың жүйелі ұйымдастырылған қызметі, оның барысында баланың мүмкіндіктері мен қажеттіліктеріне сәйкес табысты оқуы мен дамуы үшін әлеуметтік-психологиялық және педагогикалық жағдайлар жасалады;

Ерекше білім беру қажеттілігі – бұл әр оқушының оқуы табысты болуын қамтамасыз ету мақсатында психологиялық-педагогикалық әдістермен жүзеге асырылатын оқу үдерісіндегі көмек пен қызмет көрсету қажеттілігі.

Ерекше білім беру қажеттіліктерін және жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, барлық білім алушылардың білімге тең қол жеткізуін қамтамасыз ететін үдеріс – инклюзивті білім беру.  Мемлекет инклюзивті білім берудің мақсатын іске асыра отырып, білім берудің барлық деңгейінде даму мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға олардың білім алуына, дамуындағы ауытқуды түзетуіне және әлеуметтік бейімделуіне арнайы жағдайлар жасауды қамтамасыз етеді.

Л.С. Выготский зерттеулеріне сүйенсек, ерекше білімді қажет ететін баланың кешенді даму үдерісі жеке жұмыстардың нәтижесінде үлкен тәуекелдер мен жетістіктердің кепілі бола алатынын аңғарамыз. Себебі, топтық сабақтар мен өзге дидактикалық әдістер кезінде баланың жалпы даму жағдайындағы дағдылары дамыса, ал жеке сабақтар мен әдістер кезінде баланың толықтыру немесе алдын – алу мақсатын қамтитын үдерістер іске асады.

Инклюзивті білім беруді дамытудың қазіргі кезеңінде ерекше білім беру қажеттілігінің келесі анықтамасы қолданылады — бұл оқушылардың сапалы білім алуы барысындағы психологиялық-педагогикалық, әлеуметтік және басқа да көмекке мұқтаждығы. Ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалардың төмендегідей топтары көрсетіледі:

1-топ. Психикалық және дене дамуында түрлі бұзылымдары бар балалар: көру, есту, сөйлеу бұзылымдары, зияты, тірек-қозғалыс аппараты, психикалық дамуы тежелген және эмоционалды-ерік-жігер аясы зақымдалған балалар.

2-топ. Оқытудағы ерекше қиындықтары, мінез-құлық және эмоциялық проблемалары бар балалар.

Зияты қалыпты балалардың ерекше қиындықтары жеке оқу дағдыларын меңгеруде байқалады: оқу, жазу және санау (дисграфия, дислексия, дискалькулия және т.б.). Бұл қиындықтар уақытша сипатқа ие және оны балаларға мамандардың тиісті көмегімен жоюға болады. Мінез-құлық және эмоционалдық проблемалар ерекше психологиялық факторлардан (отбасында тәрбиенің бұзылуы, ата-ана мен баланың және отбасы ішілік қатынастың бұзылуы), сонымен қатар дамуындағы ерекше проблемалардың болуынан (гипербелсенділік және толыққанды көңіл бөлмеуден, аутистикалық бұзылыстар спекторы және т.б.) құрдастарымен және мұғалімдерімен қарым-қатынас жасаудағы әртүрлі қиындықтардан (енжарлық, тұйықтық немесе жанжалдық, тіл алмаушылық, агрессивтілік) пайда болуы мүмкін.

3-топ. Әлеуметтік-психологиялық, экономикалық, тілдік, мәдени ерекшеліктерінен туындайтын ерекше білім беруге қажеттілігі туындайтын балалар. Бұл топқа микроәлеуметтік және педагогикалық қараусыз қалған нашар отбасынан шыққан немесе бала тәрибесіне көңіл аудармайтын отбасылардан, әлеуметтік қатерлі топтағы отбасы балалары (ішімдікке, нашақорлыққа жақын ата-аналар), сонымен бірге жергілікті әлеуметке бейімделуде қиындықтары бар (босқындар, мигранттар, оралмандар) немесе оқу тілін түсінбейтін және бұл тілде сөйлемейтін балалар кіргізіледі.

Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды психологиялық-педагогикалық жұмыс жүргізу мәселелері ХХ ғасырда қарастырыла бастады. Себебі, инклюзивті білім беру арқылы білім алушылардың жалпы мектептегі баланың бағдарламасын игере алмау салдарынан қиындықтар пайда бола бастады. Әдістемелік әдебиетті жасақтау негізінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арнайы бағдарламалар жүйесі жасақталды. Жеке түзете-дамыту  бағдарламасы – бұл қалалық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) ұсыныстарын, баланың жеке басының ерекшеліктерін диагностикалауды және білім беру мекемесі мамандарының қорытындыларын, сондай-ақ баланың білім беру және тәрбие саласындағы қажеттіліктерін барынша толық іске асыру мақсатында ата-аналардың үміттерін ескере отырып, білім беру бағдарламасын дамытудың нысандары мен әдістерінің ерекшеліктерін анықтайтын құжат.  Жеке кешенді білім беру бағдарламасы – бұл балаларға психологиялық, медициналық және педагогикалық қолдау көрсететін білім беру мекемесінің мамандары қызметінің нәтижесі. Осы нормативтік актінің негізінде баланың білім беру қызметтерін алу нысаны мен шарттары анықталады.

   Әлеуметтік-педагогтік тексерудің мақсаты:  Баланың психикалық даму ерекшелігін анықтау және жоғарғы психикалық функциясы қызметінің жағдайын бағалау.

Әлеуметтік-педагогтік тексерудің міндеттері:

— ерекше қажеттілігі бар балалармен  қажетіне қарай оңалту, емдеу мәселелері бойынша олардың ата-аналарына (оларды алмастырушыларға) әлеуметтік жұмыс мамандарына қызмет көрсету жөнінде кеңес беру;

— оңалту орталығы  мен түзету мекемелеріне жіберілуіне ұсыныс беру;

— скринингтік (0 мен 3 жас аралығындағы «қатер тобы» балаларын анықтау)  жұмыстар бойынша қалалық емханалармен бірлесе жұмыс  жасау.

— инклюзивті білім беру мен тәрбиелеу, үй жағдайында оқытылатын балаларды оқыту мәселелері бойынша әдістемелік жұмыстар жүргізу.

— педагогтарға, арнайы мамандарға, ата-аналарға ұсыныстар әзірлеу, кеңестер беру.

   Психологиялық тексерудің мақсаты: Баланың психикалық даму ерекшелігін анықтау және жоғары психикалық функциясы қызметінің жағдайын бағалау

Психологиялық тексерудің міндеттері:

—  баланың коммуникативті және эмоционалдық ерік-аясының даму деңгейін анықтау мен сипаттама беру;

— қимыл-қозғалыс функциясы мен сенсорлық даму деңгейін анықтау мен сипаттама беру;

— баланың манипулятивтік, заттық және ойын әрекетінің даму деңгейін анықтау мен сипаттама беру;

— баланың ақыл-ой және сөйлеу тілі дамуының  деңгейін анықтау мен сипаттама беру;

— баланың әлеуметтік-тұрмыстық бағдарының  деңгейін анықтау мен сипаттама беру;

—  бала мен ата-ана  қарым-қатынасына сипаттама беру;

—  баланың психикалық дамуын, әлеуетті мүмкіндіктерін, сондай-ақ түзету көмегінің жеткілікті  өлшемін бағалау;

—  педагогтарға, арнайы мамандарға, ата-аналарға ұсыныстар әзірлеу, кеңес

беру.

Әлеуметтік-психологиялық қолдауды да жеке бағдарлама құрылымына енгізуді айқын интеллектуалды бұзылулары, ауыр моторлық патологиясы, күрделі даму бұзылулары бар балалар қажет етеді.   Ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс барысында (инклюзивті тәжірибе жағдайындағы) психологиялық-педагогикалық қолдау әрбір баланың мүмкіндіктері мен қажеттіліктеріне сай нәтижелі оқыту мен дамытуға арналған әлеуметтік-психологиялық және педагогикалық жағдайлар жасайтын мамандардың тұтас, жүйелі ұйымдастырылған әрекетін білдіреді.

— даму бұзылыстарын ерте түзету;

— балаларды әлеуметтендіруде, оқытуда жеке ыңғай жасау;

— оқуға ынтасын, дербестігін, әлеуетті мүмкіндіктерін дамыту;

— өмірлік құзіреттердің дағдыларын қалыптастыру;

— ата-аналармен және құрдастармен конструктивті қарым-қатынас құру.

Әлеуметтік-психологиялық  қолдау қызметінің айрықша ерекшелігі оның кешенділігі және арнайы психологиялық көмекті қажет ететін балаларды уақытында анықтауға бағдарлану болып табылады. Қызмет әрекетінің мазмұны оқушылармен түзете-дамыту жұмысының жеке бағдарламаларын әзірлеу және жүзеге асыру, балалардың мүмкіндіктері мен қабілеттеріне сәйкес білім беру бағдарламаларын бейімдеу, білім беру процесінің барлық қатысушыларының өзара түсіністік пен әрекеттестікті нығайтуға ықпал ету. Қолдау қызметінің әрекеті бала дамуындағы кез келген проблеманы шешуде кешенді, пәнаралық тәсілдеме, білім беру процесінде бала дамуын үздіксіз қолдау, қолдау әрекетін әлеуметтік-педагогикалық және психологиялық жобалау, психологиялық-педагогикалық қолдау бойынша ісшараларға ата-аналарды, педагогтар мен балалар ұжымын белсенді қатыстыру қағидаларына негізделеді.

Ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс барысында әлеуметтік-педагогикалық, психологиялық, медициналық көмек пен қолдау қызметінің жұмысы келесі бағыттарда жүргізіледі:

— психоәлеуметтік диагностика;

— психотүзету жұмысы;

— білім беру процесіне қатысушыларды психологиялық-педагогикалық және медициналық-әлеуметтік ағарту жұмысы;

— әлеуметтік-педагогикалық және психологиялық көмек беру;

— ұйымдастырушылық-әдістемелік әрекет.

Психоәлеуметтік диагностика даму бұзылыстарын ерте (баланың мектептегі немесе арнайы мекмедегі бірінші күнінен бастап) анықтауды және мектептегі қиындықтардың себебін талдауды қарастырады. Ол бала туралы мәліметтерді кешенді жинақтауға, эмоционалды-еріктік саланың дамуы мен тұлғалық ерекшеліктерін зерттеуге, баланың отбасылық тәрбиелеу жағдайлары және дамуының әлеуметтік жағдайын зерттеуге, оның бейімделу мүмкіндіктері мен әлеуметтену деңгейіне негізделеді.

Ерекше білімді қажет ететін балаларды әлеуметтендіру мен түзете-дамыту жұмысының артықшылықтары:

  • қоршаған ортамен қарым-қатынас жасауға бейімдеуде мінез-құлық мәдениетіне тәрбиелей отырып, рухани-адамгершілік құндылықтарының негізі қаланады;
  • психологиялық-педагогикалық танымдық ойын-тапсырмалар арқылы баланың қызығушылықтары артады;
  • өз ойы мен сезімін еркін білдіруге, шешуі қиын шиеленісті жағдайдың дұрыс жолын табуға әдеттенеді;
  • танымдық іс-әрекет процестері дамиды;
  • баланың жан-жақты білім мен тәрбиені қатар меңгеруге жағдай жасалады;
  • баланың ішкі жан дүниесін анықтауға себепші болады;
  • мектепте оқуға психологиялық қызығушылығы артады;

баланың сана-сезімі дамуына себепші болады.

 

Жарылкасынова Фарида Қуандыққызы,

Тараз қалалық ПМПК-ның

 әлеуметтік педагогі.

Жамбыл облысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.