Әр бейсенбіде дүрілдеген тағылымды шара

Бүлдіршіндер әрбір іс-шараны қуана қабылдайды. Көк желек ағаштардың саялы көлеңкесіне кілемшелер төселіпті. Айнала ойын құралдарымен көмкерілген. Ағаш құдықтың іші сумен толтырылған, бүлдіршіндер оған үрленген шариктерді алып, салып мәз. Қысқа ағашқа орнатылған құбырға шариктерді салып жіберіп, екінші жағынан ұстап қуанғандары да бар. Қол моторикасын дамытатын, зейінін арттыратын мұндай ойын алаңдары тез жалығып кететін балаларға арналған. Жалықпағандары ортаға киініп шыққан аюға мұқият қарап отыр.

0

Ертегі достық тақырыбына арналған екен. Билеп шыққан аю балаларды өзіне қаратты. «Менің достарым» тақырыбындағы іс-шараның мақсаты баланың өзін — өзі тануына, достарын бағалауға, құрметтеуге үйрету, досының айтқанын аяғына дейін тыңдауға, кез келген уақытта көмектесе білуге тәрбиелеу, ойындар арқылы есте сақтау, ойлау қабілетін, сөздік қорын дамытуға бағыттылған. Суреттер, ілінген шарлар, гүлдер аулаға көңілді сән үстеп түр.

Аталған шараға жауапты тәрбиешілер Ақмаржан Абсаматова , Шапиға Жайлаубаева сценарий бойынша балалардың ықыласын баурап, ашық аспан астында таң-тамаша ертегі қойылымын көрсетті.  «Достар бір — бірін ренжітпейді, керісінше нағыз достар бір — бірін құрметтейді, сыйлайды, кешірімді болады. Достық сезім тек қана адамдар арасында емес, ел мен елдің арасында да болады. Мысалы біздің Қазақстан Республикасы басқа мемлекеттермен достық қарым — қатынаста. Балалар сендер де бір — бірлеріңді ренжітпей тату — тәтті ойнасаңдар, бір — біріңе сыйлы болсаңдар, сендерде де достық сезім пайда болады»-деп  дос туралы балаларға түсіндірді. «Достық жыры» әні шырқалды. Ортаға Дымбілмес шықты. Оны жақтырмаған балалар ойынға қоспады. Алаңдаған тәрбиеші балалардан неге оны шеттетіп, дос болмау себебін сұрайды. Сөйтіп тәрбиеші Дымбылмеске балалармен сәлемдесуді үйретеді. Осылайша әдемі қойылымнан соң  «Сәлемдесу» ойыны ойнатылады. Балалар екі-үш жұппен тұрып әр түрлі елдің сәлемдесу рәсімін көрсетеді. Тәрбиеші балалардан достық ұғымы туралы және сенің досың бар ма деп сұрады. Кіммен дос болғың келеді деп әңгімеге тартты. Ал балалар қуана жауап берді. Балалар «Екі дос» ертегісін тамашалады.

Тәрбиеші бізге сиқырлы хат келіпті деп балаларға хатты көрсетіп, ішіндегі сөзді ынтыға оқиды. Хатта сұрақтар және достыққа байланысты сиқырлы сөздер жазылғанын айтады. Мұнан әрі балалар хат тапсырмасына сәйкес достық туралы мақал-мәтелдер мен тақпақтарын айтады. «Менің досым» ойыны бойынша балалар көзін орамалмен жауып, достарының шаш, құлақ, мұрын, бет-әлпетін сипап сезіп кім екенін тауып жатты. Соңынан тәрбиеші «Өзің жақсы болсаң досың да көп болады», «Жолдасы көптің олжасы көп» демекші, бәріміз дос болып, қуанышымызды бірге бөлісейік деп бүлдіршіндерді «флешмоб» биіне шақырды.

 

Б. Бейсенқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.