«Мөлдір бұлақ» — балалардың шаттық мекені
Жазғы демалыс
Тараз қаласы маңында көк желекпен көмкерілген,табиғатымен көз тартқан «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығы жыл бойы әр ауысымда 20 күннен Жамбыл облысы көлеміндегі балалардың демалуына арналған. Қыс, көктем, күз мезгілі оқу жылы болғандықтан сабақ оқып, бағалары табельмен қолдарына беріледі. Бұл өздері оқыған мектептегі демалған 20 күнінің бағалары болып табылады.
Бір уақытта 80 балаға дейін қабылдауға қауқарлы орталықжаз айында 5 ауысыммен жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 15 күн аралығында 61 бала жазғы демалысын есте қаларлықтай өткізуде. У-шу—ға толы бақыт мекенінде әр балғынның жанарынан шаттықты сезесіз. Бірлескен топтық шаралар таңертеңгілік әсем әуен ырғағымен флешмобтан басталады. Спорттық алаңда балалармен бірге тәрбиешілер де флешмобқа атсалысып жүр. Бұл әсте балаларды көпшілік ортаға бейімдеуге қызықтыруда жас ұстаздардыңөзіндік тәсілі екені анық. «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығында 22 педагог, 10 үйірме жетекшілері еңбек етеді.Қазіргі уақытта пән мұғалімдері жазғы демалыста екен. Үйірме жетекшілерінің жұмысы жанданып-ақ тұр екен. Үлкен қағаздан жасалған екі метрге жуық мерекелік гүлдер қауызындағы электрлік жарығымен жарқырай көз тартады. «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығының директоры Курманова Салтанат Надирбековна: «Қыркүйектен мамыр айы аралығында 5-9 сыныптардан 50 баладан қабылдаймыз. Азанғы сағат 10.00 түскі 13.00-ге дейін оқиды, одан кейін 12 үйірмеде балалардың өнерін, шеберліктері мен зейінін дамытамыз. «Жас суретші», «Қыш құмыра», Қолөнер», «Ұлттық ойындар», «ағылшын үйірмесі», «робототехника», «Заманауи киім үлгілері», «Сөйлеу шеберлігі», «Репартер», «Домбыра», «Халық тағылымы» үйірмелеріне қатысқан балалардың көз тартар туындылары орталықтағы қыруар еңбектен сыр шертіп тұрғандай. Әрине арасында түрлі зияткерлік, ұлттық ойындар мен ой сергітетін жарыстар, танымдық шаралар өткіземіз. Балалар күндігіне 6 мезгіл тамақтанады. Абай атындағы жоғары гуманитарлық колледжінен волонтер студенттер қызықты шаралар ұйымдастырды. «Айша бибі» спорт орталығының да келісім негізінде ұйымдастырған жарыстары қызықты болды. Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлеріменкездесу, кинологтар жұмысы туралы ақылды иттермен жұмыс тәжірибесі де балалардың еріксіз таңданысын туғызды. Би байқауы, түрлі ұлттық және спорттық ойындар, әр аптаның бейсенбісінде бассейнге жүзу, мұның бәрі біздің қайнаған сан түрлі еңбегіміздің бір ғана мысалы деуге болады» деп балалардың демалысын, сауықтырылуын ұйымдастыру жұмысы туралы мәлімдеді.
Әрбір күн өз қызығымен балалардың жадында қалады.Орталықта 3 медбике, 1 жоғары білімді дәрігер қызмет етеді. Олардың да денсаулық бойынша шараға қатысып, өз айтары бар. Директордың оқу-тәрбие ісі бойынша орынбасары Тауельбекова Дарья Максутовна барлық шараның бел ортасында жүреді. Қызыл, сары, көк түсті биседкалардағы сәнге құрылған перделер әр топтың галстугімен түс үйлесімділігі бар. Бұл олардың қай топтан екенін бірден аңғартады. Бір күн мейірімділік күнітақырыбына арналса, кешкі жиында талқылап, өз ойын қосуға балалар да ынталы. Әсіресе «Бизнес сити» ойыны тіптен қызық екен, өздері қолдан жасаған теңгемен түрлі кәсіпті игеруге ұмтылған топ өз қызметтерінің ерекшелігімен таныстыруда жаңа қоғамға икемділігін аңғартты. Буллингтен аулақ болу балалар үшін қызықты тақырып. Олар өзінен кішілерге қамқор. 20 күн ішінде өздеріне дос тауып, ойындағысын ашылып айтуға үйренеді.
«Мөлдір бұлақта» балалардың әр сағаты ұйымшылдықпен көңілді өтіп жатқанына куә болдық. Әр күн таң тамаша қызықты шараларымен ерекше. Жазғы демалыста «Мейірім», «Болашақ», «Өркен», «Үміт» мектеп-интернатынан ерекше балалар да әр ауысымда демалуда. Алғашында бір оқушы қыздың қасында ұзақ жүрген тәрбиешіні ата-анасы ма деп ойлап қалғаным рас еді. Сұрастыра келе ол өзінің тәлімгер ұстаз екенін жеткізді. «Ерекше бақылауымда жүргені рас, өйткені ол флешмобқа қатыспады, дара қалғандықтан ерекше назарымда болды, балалармен бірге шараларға қатысуына бағдарлап қолдау көрсетіп жүрмін» деп жымия үн қатты.
Қыш құмыра үйірмесінің жетекшісі Әубакір Нұрила: «Балалар қыш құмырадан түрлі тұрмыстық бұйымдар жасап үйренеді. Қазақта «Бұлақ көрсең көзін аш» деген бар. Мақсатымыз өнерге бейім балғындардың қызығушылығын арттыру. Жалпы тарихымыздың тереңінен бастау алатын қыштан жасалған бұйымдар бүгінгі күнге дейін құндылығын жоғалтпаған. Қыш құмыра жасауда табиғи қыш ұзақтау кебетіндіктен жасанды түріне тапсырыс беріп алдыртамыз. Балалардың жасаған бұйымдары 20 күн ішінде кеуіп, оның сыртына ою не өзге де суреттермен безендіреміз. Қазіргі уақытта туристер үшін әрі жеңіл, әрі сол елден естелік ретінде магнитке жапсырылған қыштан жасалып, суретпен безендірілген қолөнері де көз тартарлық әдемі»,- деп балалардың еңбегімен таныстырды. Психолог Оразымбекова Жансая Қайратқызы: — «Бүгінгі өткізген тренинг «Мен өмірді таңдаймын» тақырыбына арналды.Балалардың өмірге деген құлшынысын арттыру, өзіне деген сенімділікті қалыптастыру сонымен қатар әр күнді жақсы ой-пікірмен бастауына ықпал ету менің жұмысымның басты ұстанымы. Ұяң балалардың ортаға дұрыс бейімделуіне ықпал етеміз. Ата-анасымен ашылып сырласа алмайтын балалар болады. Олардың жан сарайын ашып, ортада өзін тең ұстауға бейімдеуге ықпал етеміз» дейді. Ал барша балаларды спорт алаңына жинап, ертеңгілік жұмысын флешмобтан бастап, түрлі спорттық жарыстар мен ойындарды қызықты өткізуге атсалысып жүрген Бекбаев Диас Асанұлы: «Мен ұлттық ойындарды үйретемін. Бала атаулы ойынды, соның ішінде спорттық ойындарды жақсы көреді. Дойбы, ләңгі тебу, асық ату, тоғызқұмалақ ойындарынан жарыс өтіп, жеңімпаздарды жаңағы бір әзірде ғана марапаттадық. Балалардың өмірге деген белсенділігін арттырып, өзіне деген сенімділігін қалыптастыруда спорттық ойындардың да берері мол»
Ал әр ауданнан келген балалар «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру кешенінде тәрбиешілердің балалармен мейірімді қарым-қатынасына ризашылықтарын білдірді. Әр түрлі ойын-сауықтар мен шаралар балалар үшін өте қызық. Топтар би жарысына қызу дайындыққа да уақыт тауып дайындалу үстінде. Балаларды әңгімеге тартқанымызда Шу ауданынан келген оқушы Бекбаева Назым, Мойынқұм ауданынан Бекназар Бекасыл, Жамбыл ауданынан Аширова Алтынай «Мөлдір бұлақ» шаттыққа толы мекен екенін айтып, ас тағамдарының құнарлы әрі дәмді екенін, тәлімгерлердің бала атаулыны баурап алатын мейірімділігін қуана жеткізді. Жаз айының жадыраған күнінде балалардың жүрегіне қуат, жүзіне шуақ сыйлаған лагерь тынысы әр баланың бақытқа толы балалығының ұмытылмас естелігіне айналары сөзсіз. Оған сеп «Мөлдір бұлақ» ұжымының да жауапкершілікке толы белсенді еңбегі.
Ғалиябану Үсенова