Білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асыру және енгізу
Жаңа 2025-2026 оқу жылынан бастап еліміздегі барлық білім беру ұйымдарында, соның ішінде жекеменшік мектептерде де тәрбие жұмысы «Адал азамат» атты біртұтас бағдарлама негізінде жүргізіледі.
Бұл – бұрын жүзеге асырылған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының жалғасы, бірақ мазмұны жаңартылып, Мемлекет басшысының «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» идеологиялық қағидасымен үндестірілген.
Бағдарламаның үйлестірушісі Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 26 мамырдағы №123 бұйрығымен ресми түрде жаңа атауы бекітілген.
Алғаш рет бұл бағдарлама жекеменшік мектептер үшін де міндетті болмақ. Бұл тәрбие жұмысының ел көлемінде бірізді стандартпен жүргізілуіне және барлық оқушылар үшін тең орта қалыптастыруына мүмкіндік береді.
Бағдарламаның түпкі мақсаты – қоғамның мызғымас тірегі, әділдік, жауапкершілік, еңбекқорлық құндылықтарын өмірлік арқау ететін АДАЛ АЗАМАТ қалыптастыру.
Жаңа оқу жылында негізгі 6 құндылық бойынша тәрбие бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табады: тәуелсіздік және отаншылдық; бірлік және ынтымақ; әділдік және жауапкершілік; заң және тәртіп; еңбекқорлық және кәсіби біліктілік; жасампаздық және жаңашылдық.
Бағдарлама мазмұнына сәйкес ай сайын өткізілетін тұрақты іс-шаралар білім алушылардың біртұтас тұлғасын қалыптастыруға бағытталуы тиіс.
Бұған дейін іске асқан «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Қамқор» (экология және волонтерлік), «Еңбегі адал – жас өрен» (еңбекке баулу және мамандыққа бағдар), «Smart Bala» (IT және инновациялық ойлауды қолдау), «Шабыт» (өнер мен мәдениет арқылы рухани даму), «Ұшқыр ой алаңы» (пікірсайыс пен зияткерлік ойындар), «Балалар кітапханасы» (оқу сауаттылығы мен кітап мәдениетін дамыту) секілді алты ірі жоба жүзеге асқан болатын.
Сонымен бірге, буллингтің, құқықбұзушылық пен балалар арасындағы қауіптің алдын алуға бағытталған жобалар өз жұмысын жалғастырады. Олар: «Цифрлық әлемде қауіпсіз қадам», «Буллингтен қорған!», «Қауіпсіз қоғам».
Тәрбие жұмысын жүзеге асыруда барлық тараптардың өзара бірлесе қызмет атқаруына ерекше көңіл бөлінеді. Мектептердегі тәрбие жұмысы мемлекеттік органдармен, құқық қорғау, денсаулық сақтау, ішкі саясат саласындағы құрылымдармен тығыз байланыста жүргізіледі.
Тәрбие экожүйесі балаға әсер ететін түрлі орталардың ықпалын ескеруді көздейді. Ең алдымен, отбасы мен мектеп баланың тұлғалық қалыптасуына тікелей әсер ететін басты орта болып табылады. Сондықтан білім беру ұйымдарында мектеп мәдениетіне, ішкі тәртіп ережелеріне ерекше назар аудару маңызды. Ал ата-аналар тарапынан баланың адамгершілік құндылықтарын нығайту үшін «Өнегелі 15 минут» форматында әңгімелесу тиімді тәсіл бола алады.
Сонымен бірге кітап, БАҚ, интернет және әлеуметтік желілер сияқты әлеуметтік кеңістік те баланың көзқарасы мен мінез-құлқына ықпал етеді. Ал мемлекет пен қоғам деңгейіндегі құндылықтар оның өмірлік бағыты мен әлеуметтену жолын айқындайды.
Құндылықтарды қалыптастырудағы жүйелі және кешенді жұмыс оқу-тәрбие процесінде күн сайын және апта сайын іске асырылатын іс-шараларды қамтиды:
Күнделікті:
«Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» – үзіліс кезінде білім алушылардың бос уақытын ойын түрінде ұйымдастыру – асық, тоғызқұмалақ, бес тас және т.б.
«Өнегелі 15 минут» – ата-аналардың баласымен мінез-құлық және адамгершілік туралы күнделікті 15 минут жеке әңгімелесуі.
«Үнемді тұтыну» – жадынамалар, нұсқаулықтар мен парақшалар арқылы суды, тамақты, энергияны және табиғи ресурстарды үнемді тұтынуды және іс-әрекет барысында табиғи ресурстарға ұқыпты қарауды қалыптастыру.
«Күй күмбірі» – қоңыраудың орнына күйді пайдалану, сондай-ақ үлкен үзіліс кезінде арнайы күй тыңдату.
Апта сайын:
«Менің Қазақстаным» – оқу аптасының басында бірінші сабақта білім алушылар Қазақстан Республикасының Әнұранын орындайды.
Аптаның дәйексөздері – бүкіл ұйымның сабақта және сабақтан тыс іс-әрекетінің лейтмотиві ретінде қызмет ететін мақал-мәтелдер, нақыл сөздер, халық даналығы, ұлы тұлғалардың ұлағатты сөздері. Аптаның дәйексөздері ақпараттық стендтерде, Led-экрандарда, тақталарда және т.б. орналастырылады.
«Қауіпсіздік сабағы» – жол қозғалысы ережелерін, өмір қауіпсіздігі негіздерін зерделеу, білім алушылардың жеке қауіпсіздігін, қауіпсіз мінез-құлқын және т.б. сақтауы туралы сынып сағаты шеңберінде 10 минут ақпарат беру, әңгіме өткізу.
Апта сайын сынып сағаттарын өткізу шеңберінде білім алушылардың қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін және салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс іске асырылады.
Сонымен қатар, барлық мектептер үшін бірыңғай визуалды стандарт – брендбук әзірленді. Мектептің ішкі келбеті ұлттық тәрбиелік құндылықтар мен мәдениетті бейнелейтін ортаға айналады.
Мектептің ішкі экожүйесі тәрбиемен ұштастырылып, қолайлы кеңістік қалыптастыруға бағытталуы маңызды. Сол себепті Бағдарламаның 6 құндылығын айшықтайтын белгілердің үлгісі ұсынылды.
Ортақ кеңістіктерді безендіру барысында күнделікті дағдыларды қалыптастыратын суреттер мен сөздер қолданылады. Асхана, кітапхана, спортзалдағы әрбір бейне белгілі бір әрекетке үндеп, оқушылардың жақсы әдеттерді бойына сіңіруіне ықпал етеді.
Дәліздерде адамзат тарихының, технологияның дамуы, өндірістік революция кезеңдері оқушылардың таным көкжиегін кеңейтіп, ізденістерін арттырады.
Пән кабинеттері жас ерекшеліктеріне және пәннің бағыт-бағдарына байланысты безендіру ұсынылады.
Осындай мектептің ішкі безендірілуі бала үшін «үшінші ұстаз» рөлін атқарады.
Бұл бағдарлама – еліміздің барлық мектептерінде біртұтас тәрбиелік орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.
Қорытындылай келе, жаңа оқу жылында тәрбие жұмысының негізгі өзегі – «Адал азамат» құндылықтарын әрбір білім алушының бойына дарыту, білім мен тәрбиенің бірлігін қамтамасыз ету, еңбекқорлық пен адалдықты өмірлік бағдар ету, сондай-ақ заң мен тәртіптің үстемдігін нығайту болып табылады.
Баршаңызды ұлт болашағын қалыптастыру жолындағы ұлағатты іске ұйымдасып, белсенді үлес қосуға шақырамыз.
Келдибаева Гульзат Елемесовна, педагог-шебер.
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының
оқу-әдістемелік орталықтың бөлім басшысы