Өнегелі өмірімен ұрпаққа үлгі бола білді
Биыл Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 80 жыл толды. Бұл жеңіске Сейтбеков Тұрсынбай атамның қосқан үлесі мол. Осы мақаламда Талас ауданы бойынша Ұлы Отан соғысынан кейін елге оралып, 49 жыл өмірін шәкірт тәрбиелеуге арнаған ардагер ұстаз Сейтбеков Тұрсынбай атаның өмірі, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігін, өмірлік ұстанымы, Отанына, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі, оның бойындағы бүгінгі жастарға үлгі боларлық адами қасиеттерін бүгінгі ұрпаққа үлгі ретінде жариялауды жөн көрдім.
Өзінің қайғы – қасіреті мен зардаптары жөнінен бұл соғыс – ең қанқұйлы соғыс. Халқымыздың биік рухы, Отанға деген сүйіспеншілігі аса қатыгез сұрапыл соғыста жеңіске жол ашты.
Жауынгер – майдангерлер өлшеусіз өжеттілік пен жеңіске деген мұқалмас ерік-жігер таныта білді. Соғыс әрбір отбасына үлкен қайғы – қасірет әкелді, жүректерге жазылмас жара салды. Сол соғыста барша қазақстандықтармен қатар 120 мыңға жуық жамбылдық жерлестеріміз Отан қорғауға аттанды. Елдікті мұрат, ерлікті ұран еткен жауынгерлер қатарында-20 жамбылдық ортақ Отанды қорғау ісінде перзенттік парызына адалдық танытып, өршіл рух пен өшпес өнегені кең көлемде паш етіп, нәтижесінде Совет Одағының батыры атанған еді. Жамбылдық батырлардың бел ортасында жерлесіміз таластық Совет Одағының батыры Сәду Шәкіров пен Амантай Дәулетбеков те бар еді. Соның ішінде Талас ауданынан – 3951, біз тұратын Тамды ауылынан –216 адам ұрыс даласына аттанды. 32 мыңнан астам боздақтарға туған жердің топырағы бұйырмады. Олар өмір мен өлімнің арасында жүріп, бізге бүгінгі жарқын өмірді сыйлады.
Ұлы Жеңісті жақындатып, бақытты күндер мен шуақты таңдарды әперген барша ардагер ағаларға, апаларға біз мәңгі қарыздармыз.
Баланы әкеден, ананы жардан, балаларды бақытты балалықтан айырған сұм соғыстың зардабы тарих беттерінде, сол қасіреттің куәсі болған тірі шежірелердің кеудесінде қатталып қалды.
Сондай ардагеріміздің бірі де бірегейі болған — Т.Сейтбеков.
Ұлы Отан соғысының ардагері Сейтбеков Тұрсынбай 1922 жылы қаңтардың онында Жамбыл облысы Билікөл колхозында дүниеге келген. Майтөбе совхозындағы жеті жылдық мектепті бітіре салысымен, 1940 жылы Жамбыл облысы білім басқармасының жанынан ашылған 10 айлық қысқа мерзімдік мұғалімдер даярлайтын курсқа қабылданады. Мұнда физика – математика бөлімін бітіретін болып, соңғы емтихан тапсыруға келіп отырғанда, осында оқитын жігіттерді әскери комиссариаттың адамдары «Әскерге барасыңдар» деп медициналық тексеруге алып кетеді. Бұл 1941 жылдың шілдесі еді.
Ерліктің үлкен – кішісі жоқ. Нағыз ерлік ұлт мүддесіне, халықтың бақытына, келелі келешегіне негізделсе – баянды, ғұмырлы, нұрлы болмақ…
Қазақстан да КСРО-ның құрамдас бөлігі ретінде майданға жауынгерлерін жіберді. Осы тұста ,,,,, майданға бір миллион екі жүз мың адам соның ішінде әскери оқу орындарынан 40 мың қазақстандық жастар майдан даласына барған екен. («Қазақстан тарихы» оқулығы. Алматы- 2000. 97 — бет)

Т.Сейтбеков атамыз 1941 жылдың 15 қарашасында әскер қатарына алынады. Бұл атамыздың әскери өмірінің басталған күні еді. Әскер қатарына алынған болашақ сарбаздарды Жамбыл қаласындағы (қазіргі Тараз) бес ай бойы әскери өмірге машықтандырып, даярлықтан өткізеді.
1942 жылдың бірінші мамырында Грузияның Кутаиси қаласынан бірақ шығарады.
Балалық базары тарқамаған, бал дәуреннің қызығына тоймаған, қызық күндері көп, қимас сәттерді – «Отан қорғау» ұраны қас-қағым сәтте үзіп-ақ жіберді.
Межелі жерге жеткенше көрген қиындық оларды біраз ширатады. Сарбаздарды Кутаисиге жеткізбей тұрып, Түрікменстанның Кислободана қаласына түсіреді. Мұнда сарбаздар алты күн, алты түн жатады. Өйткені жаудың әуе күштері жүргізуге еш мүмкіндік бермейді. Апта өткеннен кейін сарбаздарды параходқа мінгізіп, Баку қаласына жеткізбек болады. Баку қаласына жақын қалғанда аспаннан жаудың әуе күштері бомба жаудырады. Жағалаудың тас-талқаны шығады. Солдаттардың біразы осы жерде жараланады. Жауынгерлер Кутаиси қаласына жетіп, мұнда бір ай карантинде болып, әскери ант қабылдайды. Көптеген қиындықты өткеріп, Тблиси қаласындағы тоғыз айлық сержант байланысшыларды даярлайтын курсқа қабылданған Тұрсынбай курсты жедел төрт ай ішінде бітіріп, кіші сержант байланысшы шекарашы деген дәреже алады. Содан 1942 жылдан бастап Тұрсынбай Сейтбеков Кавказ жерін, Украинаның Харьков қаласын, Қырым түбегін, Белорусия қалаларын, Польша, Румыния, Грецияның көптеген елді мекендерін азат етуге қатысады.
2015 жылы Тұрсынбай атамен жүздескен кезде кеше ғана болғандай, естен кетпес бір оқиғасын айтып берген еді. Ол қаталдығымен, талапшылдығымен аты шыққан Бериямен кездесу сәті болатын. Кездесуден аман-есен шығып, өзінің жауапкершілігінің, табанды еңбегі мен ерлігінің арқасында бүкіл бөлімшесіне соғыс мезгілінде бір күндік демалыс алып, бірге қыдыру бақыты тигендігін қарт езу тарта еске алып еді.
Тұрсынбай қарияның сұрапыл соғыстағы қиын сәті бұл – 1945 жылы сәуір айындағы болған Кенингсберг қаласын алардағы шайқасы. Бірнеше күнге созылған қырғыннан көп адам қаза тапты. Неше зәулім үйлер қирап, қаншама адам ажал құшты. Бұл Тұрсынбай Сейтбековтың соғыстағы соңғы шабуылы еді. Осы шайқаста екінші рет жараланады. Бірақ жеңіске деген құштарлық қазақ солдатының жүрегінде мен мұндалап тұрады.
Сонымен Тұрсынбай ақсақал 1945 жылы Кенингсберг қаласында соғысты аяқтап, 1946 жылы соғыстан аға сержант деген шенмен елге оралады.
Майдангер ұстаздың ел үшін сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес. Ұлағатты қарияның ақылын алып, өнегесін көрген балалары да бүгінде қоғамнан өз орнын тауып, еңбек етуде.
Ұлы Отан соғысының ардагері Сейтбеков Тұрсынбай ата ел-жерге танымал тұлға болумен бірге, отбасында да беделді, көпшіл, сыйлы болды. Ұл-қыздарына дұрыс тәлім-тәрбие беріп, оқытты.

Т.Сейтбековтың үлкен қызы – Сеитбекова Раушан әпкидің (Қазіргі таңда зейнеткер ұстаз, Тамды ауылында тұрады.) әкесі туралы айтары көп-ақ. Үлкен қызын әңгімеге тартқанымда: «Кімге болса да өзінің әке-шешесі қымбат қой, бала үшін ата-ананың орны қашан да бөлек. Әкемнің еңбекқорлығы, қарапайым да қамқорлыққа толы қасиеттері, жан жылуы мол кең жүрегі жадымда мықтап ұялапты.Еңбек десе ішкен асын жерге қоятын. Көктем шықса болды, бау-бақшаны гүлдендіруде, үйдің, мектептің тіпті ауылдың мекемелерінің алдында раушан гүлдерді жайнатып қоятын. Әкеміздің еңбекке, өмірге құштарлығы бір төбе, балаларына бауырмалдығы тіптен алабөтен еді. Ертегі тыңдатып, кітап оқуға, еңбек етуге, өнер мен ұлттық ойындарға көзқарасы, үйретуі ерекше қабілеті, қасиеттері дер едім. Бос уақыты аз, ешуақытта қарап отырмайтын.
Әкем үнемі жастарға батасын беріп отырады. «Біздің көрген қиыншылықтарымызды өсіп келе жатқан ұрпақтарымыз ешқашан көрмесін, аспандары ашық болсын, ұрпақтар аман-есен болсын, ағайын-туысқандарымыз, ойда-қырдағы жекжат-жұраттарымыз аман есен болсын» деп жастардың, ағайын туысқанның тілеуін тілеп отырады», дейді ол.

Тұрсынбай Сейтбеков ақсақал көзі тірісінде бала-шағасына: – «Маған дүниенің, байлықтың керегі жоқ, менің байлығым — өздеріңсіңдер, менің балаларым, немере-шөберелерім»,-деп әрдайым айтып отыратын. Бізге «Біреудің ала жібін аттама», «Қонақ келсе, құдайыңдай сыйла» деп үйретуден әлі күнге дейін еш жалықпайтын,-дейді майдангердің үлкен қызы Сейтбекова Раушан Тұрсынбайқызы.

Алдын көрген, ақылын алған шәкірттері де Тұсынбай Сейітбековтің табиғи болмысы мен адамгершілік қасиетті туралы айтары аз емес. Бұл орайда Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, зейнеткер ұстаз, 1987 – 2004 жыл аралығында Қойгелді атындағы орта мектептің директоры қызметін атқарған Битохова Бегімкүл Ділдебайқызы:
– «Барлық халық ұл-қыздарын жастайынан Отанын елін сүюге тәрбиелейді. Отанды сүю – тек қасиетті, құдіретті іс қана емес, маңызы терең, салмағы ауыр сезім. Елін сүю үшін тек адал, таза болу ғана емес, оған үлкен парасат, білім, күш-қуат қажет.
Елі мен жерін беріле таза сүйген соғыстың қақ ортасында болып жаудан қорғаған азаматтардың бірі ұлағатты ұстаз – Сейітбеков Тұрсынбай. Біздің білімге сусап тұрған жан дүниемізбен ұстаздарымыздың мүдделері де сай келді. Қандай керемет мұғалімдерден сабақ алғанбыз. Сапалы білім алуымыз үшін бүкіл қайраты мен махаббатын жұмсайтын еді,деп ағынан жарылды.

Шәкірттерінің де айтары көп: «Ұстаздарымыздың бірі – Тұрсынбай ағайды бала кезімізден білеміз. Тамды орта мектебінде жоғарғы класта оқып жүргенімізде математикадан сабақ берді. Ағай талапшыл, қандай да бір жұмысты қолына алса соны аяқтамай қоймайтын. Сабақ түсіндіргенде есептің қыр-сырын құпияларын, тәсілдерін ашып көрсетіп, сұрағанда соны талап ететін. Сабақ бергенде класта оқушылар бар зейіндерімен тыңдағандықтан «Ұшқан шыбынның» ызыңы естілетін. Бұл ұстаздың әр баланың сабақты мұқият тыңдауына қойылған талаптың көрінісі еді»
Ұстаз деген ұғымға шын мәнінде лайық болатын. Математикадан терең білім алғанымыздың дәлелі Тамды сегіз жылдық мектебінде 9-сынып болмағандықтан, Жамбыл қаласындағы Жамбыл орта мектеп –интернатқа 15 оқушы бардық. Конкурстан өтуге барғанымызда математикадан Тұрсынбай ағай бергенін айттық. Директоры Тұрсынбай ағай математикадан сабақ бергенін естіген соң, барлығымызды конкурссыз қабылдады. Себебі Тұрсынбай ағай аудан, облыс көлеміне атағы шыққан математик еді. Оқушылары бірнеше рет жүлделі орындарды иеленген. Сол кездегі ұстаздарымыздың жүрегімізге жаққан білім шырағын өшірмей оқуды жалғастыру үшін жан-жаққа аттандық. Мектеп бітірген соң шәкірті Еркеңес Жамбыл педагогикалық институтының математика, мен Алматы педагогикалық институтының жаратылыстану факультетіне түстік.
1972 жылы Тұрсынбай ағайдың жолын қуып Еркеңес Тамды орта мектебіне математик, 1974 жылы мен химия-биология пәндері мұғалімі болып оралдық.
Біздің тәлімгер жетекшіміз Тұрсынбай ағай болды. Сол кезде Тамды орта мектебінің жанынан малшы балаларына арналған мектеп-интернат болатын, ағай біз дипломмен оралғанда интернат меңгерушісі еді. Еркеңес математика мұғалімі, мен де мұғалім болдым, біз әрі тәрбиеші болатынбыз. Ағай үйретуден ешбір жалықпай, сабақтың жүру тәсілдерін, оқушыларды игеру жолдарын ерінбей үйрететін. Тазалықты жаны сүйетін. Мен жұмыстармен қалаға, білім бөліміне барып келемін деп кетсе, ағай кетіп қалды ғой деп еркінси бастасақ, жұмыстарын бітіріп кіріп келетін де, жұмысты бірден талап ететін. Еркеңес – ағайдың барлық қасиеттерін бойына сіңіре білді, әсіресе жылдам жүретіні, жұмысты тез бітіретіні.
Мен де «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей ағайдың білімділігін, талапшылдығын, ұқыптылығын үйрендім, үлкен қамқорлығын көрдім, соның арқасында бірнеше жыл мектептің басшылық қызметтерін атқардым.
Тұрсынбай ағай мектептің оқу ісінің меңгерушісі болып істегенде мектептің материалдық базасын ретке келтіріп, кабинеттерді оқу программасына сай көрнекі құралдармен, оқу мастерскойына ағаш, темір жонатын станоктармен жабдықтауға белсене атсалысты. Ол кезде мектеп жанынан оқушылар өндірістік практикадан өтетін тәжірибе участоктары болатын. Оны әр класқа бөліп беріп, оқушы әр түрлі көкөністерді егіп, баптап, суғарып өнімін өткізіп класқа қажетті заттар алатын. Оқушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік жасайтын. Бұған әрине Тұрсынбай ағай жетекшілік ететін.
Ағаш отырғызып, гүлдер егу ағайдың сүйіп істейтін жұмыстары еді. Зейнетке шықса да мектеп ұжымынан бөлініп кеткен жоқ, бірге болды. Жаңа мектеп берілгенде де айналасына талдар отырғызып, қазір жайқалып өсіп тұр. Оқушылармен бірге гүлдер отырғызып, әрқайсысының аттарына дейін, өсу мерзімдеріне дейін ерекшеліктерін үйретіп отырды.
Тіпті ауыл ішіндегі контор жанында бос жатқан жерді мектеп оқушыларымен бірге қопсытып, тегістеп, раушан гүл түрлерін екті. Өскен кезде тамсанбаған, қызықпаған жан жоқ, яғни оқушыларды еңбекке баули отырып, қызығушылығын арттырды.
Тұрсынбай ағайдың еңбектерін айтып тауысу мүмкін емес. «Ұстаз – ұлы тұлға» деген атқа лайық адам. Ол өте ширақ, үйретері көп, жан еді. Отбасында ақылгөй ата, әулетінде қадірлі қария, ауыл аймақта ақыл айтар ақсақал, Талас ауданының құрметті де, қадірлі азаматы болды.
Сейтбеков Тұрсынбай ағайды бүкіл ауыл соғыс ардагері ретінде, еңбек майталманы ретінде құрмет тұтты. 1986 жылы зейнетке шыққанша ұстаздық қызметтен қол үзбеді. 1952-1983 жылдар аралығында оқу ісінің меңгерушісі, интернат меңгерушісі қызметтерін зор жауапкершілікпен атқарды. Ұстазымыз ұзын бойлы күн қақты қара кісі бейнесінде есімде қалыпты. Кейін шашын қайырған жылтыр қара шашты, жылдам қимылдайтын ширақтығымен қоса үстінен мұнтаздай тазалық, ұқыптылық есіп тұратын.
Өзіне де, өзгеге де талап қойғыш қасиеті бізге сызу пәнінен бергенде қатты байқалатын. Әдетте ауылдық жерлерде «екінші сортты» сабаққа саналатын еңбек, сызу, дене шынықтыру пәндері ағайдың тұсында ерекше мәнге ие болды. Аптасына бір рет болатын сызу сабағы біз үшін емтихан іспетті болатын. Солақай қолымен өзі дәлдікпен сызатын сызбаларды бізден де солай дәлдікпен салуды қатаң қадағалайтын. Дәрежемізге қарай «3», «4», алып жататынбыз. «5» алу үлкен мәртебе болатын.
1970 жылы Тамды ауылындағы үлкен жаңалық: жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Жаңа мектепті абаттандырудың басы қасында соғыс ардагері ұстаз Сейтбеков Тұрсынбай ағай жүрді. Ағайдың үлкен бір жұрт аңыз етіп айтатын қасиеті тал-дарақ, көкөніс өсіруге құмарлығы соншалық іңкәрлікпен, талғаммен егетін ол кісінің артынан жайқалған гүлзар, сыңсыған бау қалатын. Көктем шыға балапанын ерткен ата қаздай оқушыларын ертіп, арық-атыз тазалау күтім көрмеген бақ ішін ретке келтіру көз үйренген үйреншікті құбылыс.
Қойгелді атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Құрманғазы Бекұзақов: «Ағай темірдей тәртіпті, мұнтаздай тазалықты сүйетін. Оған куә өз үйінің бірнеше жылдар бойы ауылдағы «Ең үлгілі үй» байқауын жеңіп, жүлдегер ретінде бетке ұстар шаңыраққа айналуы да көпке үлгі болды.
Қазіргі мәдениет үйінің алдындағы тал-дарақ, әкімшілік артындағы бау, соғыс құрбандарына арналған ескерткіш күтіміндегі гүлдер Тұрсынбай ағайдың маңдай терінің жемісі.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын, мал бір жұрттық, тал-дарақ көлеңкесіне ұрпақ саялар бақ» деген тәмсіл Тұрсынбай сияқты ұлағатты ұстазға қарай анық айтылса керек.
Мүмкін, ағайдың бойында адалдық, тазалық, темірдей тәртіп, бастаған ісін соңына дейін жеткізетін жауапкершілік соғыста шыңдалған, қан майданда өлім мен өмір арасын басынан өткерген солдаттық өмірден жұқса керек», дейді өз пікірін білдіріп.
Иә, айтса айтқандай ХХ ғасырдағы зұлмат оқиғалар қаршадай баланы көпті көрген абыз қарияға, еңбекқор жанға, ұстаздардың ұстазына айналдырған болар. Т. Сейтбековтің Ұлы Отан соғысындағы батыл әрекеттері мен ерлікке толы шежіре-сырлары Талас аудандық «Талас тынысы», Жамбыл облыстық «Ар–Ай», «Ақ жол» газеттерінде әр жылдары «Ардагерлер» атты айдармен жарық көріп отырған. Басылым беттеріндегі басты тақырып – мазмұнынан Т.Сейтбековтің майдандағы ерлік қимылдары, жақын-туысқа, дос-жолдасқа адалдығы мен мейірімі, қамқорлықтары кеңінен көрініс тауып отыратын. Ең бастысы, оның адамдық әлемі, әділеттілік тұрғысындағы көзқарастары, дос-жолдасқа көмегі барынша айқын аңғарылатын еді.
Соғыстан кейінгі қиюы қашқан ауыл елдің еңсесін еңбек арқылы көтеріп, шөліркеген шәкірттерді білім нәрімен сусындатуға бар күш-жігерін салды. Елшіл, көпшіл, қоғамшыл қасиеттерімен қалың көпшіліктің құрметіне бөленді. «Алты күн аш болсақ та, ата-салтыңды аттама», «Еңбек ет те, міндет ет» екенін басты ұстаным етті. Білікті басшы, мейірімі мол қамқоршы, ұлағатты ұстаз болды. Нәтижесінде, абырой биігіне көтеріліп, еңбек көрігін қыздырды.
1982 жылға дейін 49 жыл ұстаздық етті. Адал еңбегі еленіп, «Халық ағарту ісінің үздік қызметкері» 1973 жылы Социалистік жарыс жеңімпазы төсбелгісімен марапатталды. Талас ауданының Құрметті азаматы атағын алды. Тұсынбай атамыз – өсіп-өнеген отбасының бәйтерегіндей еді, бала-шағасының, немере-шөберелерінің ортасында 2016 жылы 5 ақпанда дүниеден өтті.
Мектеп өмірінің тарихында үлгілі де адал еңбегімен аңызға айталған ұстазды 2025 жылы ҰОС Жеңісінің 80 жылдығына орай еске ала отырып, жас ұстаздарға айтарымыз бар екенін естеліктерім арқылы жеткізуді жөн көрдім.
Сабира Базарбайқызы,
Қойгелді атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі.
Жамбыл облысы Талас ауданы Тамды ауылы