Білім – өзгерістердің негізі. Менің адам құқықтары контекстіндегі тәжірибем
Білім – бұл біздің әлем туралы түсінігімізді қалыптастыратын және қоғамның белсенді қатысушылары болуға көмектесетін қуатты құрал. Мен, Хамидуллина Ранэлл Ерланқызы, алғашқы білімді гимназиядан алдым. Осылайша гимназиядан басталған білімімді Еуропада жоғары білім алумен жалғастырып, халықаралық компанияларда тәжірибеге дейінгі жолдан өттім. Бұл мақаламда мен шетелде адам құқықтары бойынша зерделеген өз тәжірибеммен бөліскім келді және білімнің адам өмірінің негізгі аспектісі ретінде жеке құқықтарды түсінуге қалай әсер ететінін қарастырдым. Менің білім жолым қайдан бастау алды деген сауалға тоқталар болсам, менің білімге деген құлшынысым гимназиядан басталды және онда мен әрі қарай оқуға негіз болатын негізгі білім мен дағдыларды меңгердім. Қоғам мен мәдениетке қатысты пәндерді терең зерттеу менің адам құқықтарының маңыздылығына деген қызығушылығымды оятты. Мен осы тақырып аясын қаузай жүріп әр адамның қорғалуы және сақталуы керек тән бостандықтары бар екенін түсіндім.
Еуропалық университетке түсу менің өмірімдегі маңызды қадам болды. Мұнда мен халықаралық қатынастарды ғана емес, негізгі құқықтар мен бостандықтарға қатысты мәселелерді де зерттедім. Көптеген тренигтерге қатысу барысында маған адам құқықтары әділеттіліктің, теңдіктің және қадір-қасиеттің негізгі құндылықтарын қалай көрсететінін және олардың әлеуметтік және саяси процестермен қалай байланысты екенін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Құқықтар мен бостандықтар әділетті қоғамның негізі екенін терең түсінуіміз қажет. Негізгі құқықтар мен бостандықтар — бұл әр адамға тиесілі әмбебап құқықтар мен бостандықтар. Олар әділ және тұрақты қоғам құруда маңызды рөл атқарады. Оқу барысында мен бұл құқықтар мен бостандықтарды сақтау барлық мемлекеттер үшін міндетті екенін және бейбіт қатар өмір сүруді қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратынын түсіндім. Маңыздысы, бұл құқықтар тек заңды ережелермен шектелмейді. Оларға білім алу, денсаулық сақтау, сөз бостандығы және саяси қатысу құқығы кіреді. Бұл саладағы білім адамдарға өз құқықтары мен міндеттерін білуге, сондай-ақ оларды қорғауды үйренуге мүмкіндік береді.
Халықаралық компаниялардағы тәжірибем менің білімімді еселей түскені рас. Негізгі құқықтар мен бостандықтарға қатысты жобалар аясында мен теориялық білімді іс жүзінде қолдануға мүмкіндік алдым. Бұл маған әртүрлі елдер мен мәдениеттердің жеке құқықтарды қорғау мәселелеріне қалай қарайтынын игеруіме, білуіме сеп болды. Көпұлтты ортада жұмыс істеу мені мәдениетаралық диалог пен негізгі құқықтар мен бостандықтар саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығы туралы ойлауға жетеледі. Мен адам құқықтарын қорғау тек білімде ғана емес, сонымен бірге қолданыстағы нормалар мен тәжірибелерді өзгертуге бағытталған белсенді әрекеттердің де қажет ететінін түсіндім.
Негізгі құқықтар мен бостандықтарды қорғау үшін білім берудің маңызына тоқталып өтуді жөн көрдім. Қоғамды дамытудың кілті – білімде, ендеше заманауи білім жеке құқықтарды ілгерілетуде шешуші рөл атқарады. Бұл адамдарға сыни талдау жасауға және олардың қоғамдағы рөлін білуге мүмкіндік береді. Мен бұл құқықтар мен бостандықтарды білу әділетті әлемді құру үшін барлығына қол жетімді болуы керек деп санаймын. Ғұлама ойшыл Аристотель адам құқықтарын «табиғи» және «шартты» деп екіге бөліп қараған. Адамның табиғи құқықтарын ол мемлекет орнатқан шартты құқықтардан жоғары қойған екен. Тарихқа көз жіберіп қарасақ, орта ғасырда өндірістік қарым-қатынастардың қарқынды даму сатысында өмір сүрген И.Кант, Т.Гоббс. Т.Джефферсон, Ж.Руссо және де өзге ойшылдар адамдардың құқықтары мен бостандықтарына ерекше назар аударған. Олар адамдардың еркін, қауіпсіз өмір сүруіне, жеке меншік иеленуге тең құқықтиарының болуын, халық биліктің негізгі иесі екенін, биліктің халық мүддесіне қызмет етуі керектігін айтып кеткен. Міне бұл қағидалар демократиялық елдерде күні бүгінге дейін маңызын жоғалтқан емес, қайта дамытып, жетілдіруге мейлінше көңіл аударылып келеді.
Біздің әрқайсымыз өз біліміміз бен дағдыларымызды басқалардың құқықтарын қорғау үшін қолдана отырып, өзгеріс агенті бола аламыз. Менің тәжірибем студенттер мен жас мамандарды негізгі құқықтар мен бостандықтар қозғалысына белсенді қатысуға және қоғамдағы оң өзгерістерге жағдай жасауға шабыттандыратынына сенемін.
Менің жолым білім мен сапалы білімге деген ұмтылыстың арқасында мүмкін болды. Адам құқықтары мен оларды қорғау туралы білім әділ және тұрақты қоғамды қалыптастыруға негіз болады. Менің тәжірибем басқаларды жаңа биіктерге ұмтылуға және жеке құқықтарды қорғауға белсенді қатысуға шабыттандырады деп үміттенемін.
Хамидуллина Ранелл Ерланқызы