Министр ZOOM платформасында педагог-шеберлермен жүздесті
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ғ. Бейсембаев еліміз көлемінде білім саласының майталман ұстаздары педагог-шеберлермен онлайн форматта кездесу өткізді. Кездесу Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің ғимаратында zoom платформасы арқылы өтті. Еліміздегі 20 өңір бойынша 3400-ден астам педагог-шеберлер zoom платформасы арқылы байланысқа қосылды. Zoom байланысқа Қазақстанның еңбек сіңірген ұстаздары да қатысып отырды.
Бейнероликтен білгеніміз педагог-шеберлердің ең үлкен үлесі Түркістан облысында – 646, Жамбыл облысында -480, Астанада -385 педагог-шеберлер еңбек етеді екен. Ал, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісімен 2450 педагог, Білім беру ісінің Құрметті қызметкері төсбелгісімен 350 ұстаз, Еңбек ардагері төсбелгісімен 33 педагог-шебер марапатталған екен. 247 ұстаз Үздік педагог атағына ие болып, ерекше жетістіктерге қол жеткізген. 1684 педагог-шебер республикалық жұмыс тобының құрамында белсенді қызмет атқарып жүр. Олардың ішінде оқулықтар мен оқу құралдарының мазмұнын қарау бойынша 776 педагог, мемелекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын әзірлеуге және оқу бағдарламасының мазмұнын қарауға 477 педагог, ҰБТ мен педагогтардың білімін бағалау тест тапсырмаларын әзірлеуге 431 педагог қатысып, білім беру жүйесін жетілдіруге үлес қосуда. 130 мың педагог аттестаттаудан өтуге жоспарланып отыр, оның ішінде 1500-і педагогикалық қауымдастықта көшбасшылық танытып жүрген ұстаздар.
Педагог-шеберлер үздік тәжірибелерімен бөлісті
Педагог-шеберлермен кездесуде ерекше тәжірибесі мен жетістіктері, болашаққа мақсат-міндеттері тыңдалды. Елімізде ұстаздардың ұстазы, ұлағат иесі Қанипа Бітібаеваның 80 жылдығы халықаралық деңгейде тойланатын болады. Шәкірті Марқакөл ауданы Талды орта мектебінен Ләйлә Нүркенқызына сөз берілді. Ұстаз шалғайдағы шағын жинақты мектепке барып біріккен сыныптарда тәжірибесімен бөліскен тәжірибесі туралы баяндады. Ұлттық рухты көтеру мақсатында ТӘЖ драма үйірмесінде еңбегін сіңіріп келеді. Астана қаласында №66 мектептің математика пәні мұғалімі, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Күшай ағай да өз тәжірибесімен бөлісті. 8 оқушысы халықаралық олимпиаданың жүлдегері атанған екен. Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Саумалкөл орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Ерлан Жұмабекұлы ауыл мектебін дамытуға қосып жүрген өз үлесі мен ерекшеліктері жайында баяндады. Жаңаөзен қаласында еңбек ететінін Жұмаділ Өтеш лицейді «Алтын белгімен» тәмамдап мұғалімдіктен нәсібін тапқанын, мектеп оқулықтарының бірлескен авторы ретінде өз еңбегінің қыр-сырымен бөлісті. Алматы, Қостанай облыстарында шеберлік сыныптарын өткізгеніне тоқталды. Сондай-ақ Алматы қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназияның тарих, құқық негіздері пәндерінің мұғалімі Гүлмира Сағатқызы Асанбекова жас мұғалімдерге тәжірибе бөлісу жұмыстарын өткізуді 2014 жылдан қолға алғанын айтты. 2014 жыл — «Білім» жылы» болғаны ұстаздың шығармашылық белсенділігіне үлкен қозғау салған екен. 11 жыл ішінде 815 мұғалімге шеберлік сыныбын өткізген екен. Ал, Тараз қаласы №24 мектеп-гимназияның дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, әдістемелік бірлестіктің жетекшісі Сергей Сабирович шәкірттерін спортқа баулудағы тәжірибесімен бөлісіп, түрлі жарыстарда олардың жеткен жетістіктеріне тоқталды. Астана қаласындағы №95 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Асыл Көшкінбаева аттестацияға дайындық туралы, ұстаз платформасы, іс-тәжірибе алмасудың ерекшелігі мен маңызына тоқталды. Өзге де білікті ұстаздар педагогикалық мамандықтың маңызды қыр-сырымен бөлісті. Сұрақ-жауапқа кезек беріліп, министр Ғани Бейсембаев әр сұраққа жеке-жеке жауап беріп, білім саласындағы мәселелерге ден қойып тыңдады.
Ұстаздар арыздануға белсенді ме, басшылары әділетсіз бе?
ҚР Оқу-ағатру министрі Ғани Бейсембаев Астана, Жамбыл, Түркістан облыстарында педагог-шеберлер санының көптігіне назар аудартты. Астанадан өзге облыстарда сапаның төмендігін назарға салып, шебер-педагогтер өз біліктілігіне сәйкес пе деген сауал тастады. Өңірде сапа болмаса шеберлерге де сұрақ туындайды. Министрлікке 90 пайыз шағым Түркістан облысынан түседі екен. «Ұлы ғұлама Әл Фарабидің кіндік қаны тамған өңірде, екінші Мекке саналатын әлем халқы екінші ұстаз деп басын иген Ахмет Иассауи бабамыздың жамбасы тиген қасиетті өңірдің ұстаздарының зорлық көрдім деген шағымдары ұят тірлік» деді Ғани Бектайұлы. Министр таяуда Түркістанда әкімге, орынбасарына бұл туралы жолығып, мәселені көлденең қойғанын жеткізді. Көреремендер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Министр: «Ақселеу Сейдімбек, Әбіш Кекілбай ұстаздарым айтқандай әр ауылда әділ азаматтар болатын. Оны «Жақсы» дейді. Сол жақсылар елге тоқтау айтып, мәселенің ақ-қарасының ара-жігін ажыратып, мәселенің түйінін шеше білген»,-деп ашуға тоқтам айтатындардың жоқтығына нала болды. Рас, бүгінде сондай азаматтар жоқтың қасы. Мұғалімдер мен директорлардың бір-бірімен соттасуы, балалар арасындағы буллингтердің орын алуын жасыруға тырысқанымен арты үлкен дауға айналып кетіп жатады. Мектептерде «Әдеп кеңесі» деген құрылған екен. Сонда мұғалімдер бір-бірімен жиі қайшылыққа баратын болғаны ма? Мұғалімдер әдепсіз болғаны ма? Міне, министр түйіткілді мәселелерді көлденеңінен сұрақ етіп қоя отырып, ұстаз қоғамның әділетсіздігіне араласуы тиіс, ұстаз – қоғамның қандай болмағына жауап беруі тиіс деп ұстаз мамандығының ұлылығына сипаттама беріп өтті. – «Біз педагогтер қауымы болашаққа жауап береміз. Ертеңгі ұрпақ қандай болмағы біздің еңбегіміздің жемісі,– деді министр мырза.
Еркін микрофон – пікірлер тоғысы
Еркін микрофон бөлімінде педагог-шеберлер сұрақтарын қойды. Оның ішінде материалдық база, тілді дамыту туралы концепция, жаңа стандарттар бойынша оқулықтар мәселесі сөз болды. Сұрақтарға министр жауап берді. Мемлекеттік тілді дамытудың жаңа жобасы Астана қаласында 100 балабақшада, мектептерде және солтүстікте 5 облыста жақсы қолдау тапқан екен, ал Алматы қаласы енжарлық танытып отырғаны айтылды. Осы орайда түскен сұрақтар арқылы мүлт кеткен кемшіліктер де қылаң берді. Шеберлерге мемлекеттік стандартты түсіндіру жұмысы Алматы облысындағы әдістемелік кабинеттің жұмысының кемшілігі деп атап өтті Министр. Мемлекеттік тілді дамыту бойынша елімізде атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Осыдан 3 жыл бұрын ауыл мектептерін модернизациялау тапсырылған болатын. Тапсырма шала орындалғаны, арнайы қаржы бөлініп отырғаны туралы да айтылды. 2028 жылға дейін еліміздегі кенжелеп отырған 1300 мектептің инфрақұрылымы жаңартылса, Алматы әкімінің жоспарына сәйкес Алматы қаласы бір ауысыммен оқытуға көшуді жоспарлап отырғаны атап айтылды.
Министрдің ұстаздарға қолдауы мен талабы
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаев: «Еліміздегі барлық педагог-шеберлерге Ыбырай Алтынсарин атындағы медаль беруді тапсырдым,- деді. Министрдің айтуынша ендігі уақытта 40 жыл еңбек етсе де шебер-педагог дәрежесін алмағандар Ы.Алтынсарин медалін алмайды. Бүгінгі таңда 200-дей педагог-шебер мұғалімдер Ы. Алтынсарин медалімен марапатталмағандығы анықталған екен. Олар таяуда толықтай марапаттаталынын жеткізді. Министр: – Аттестация – бұл мұғалімдерді әуре-сарсаңға салатын емес, еңбектерін лайықты бағалау жүйесі болуы керек,– деп ашып айтты. Бұл орайда педагог-шеберлермен ақылдасудың тиімділігін айтып, «Өрлеуге», «Әдістемелік орталықтарға» пікірлерін беріп, жөндетіп отыру туралы ұсыныс айтылды. Басқармалардың да немқұрайлы болмауына екпін түсірді. Педагог-шеберлер барлық ұстаздарға үлгі-өнеге болуы керек. Сонымен қатар 5 жыл бойы аттестацияға қажетті құжаттарды жинамай, соңғы жылда портфолио жинақтау әрине қиындық тудырады. Жүйе үнемі жұмыс жасап отыруды қажет етеді. Сапасыз дәрігер, сапасыз жұмысшы ұстаз еңбегін жеңілдетуден, енжарлықтан туындайды. Шебер атағын алғандар сол атақта тұрақтап қалуы керек. Педагог-шебер атағы қайтарып алынбауы тиіс, сондықтан лайықты ұстаздарға берілуі тиіс екенін министр ерекше атап өтті. Ал лайықты деген ұстаздар қандай болуы керек? Әлбетте әріптестерімен озық тәжірибесімен бөлісіп жүрген, білім сапасына жауап беретін, жанашыр, белсенді, еліміздің білім саласының дамуына өз үлесін қосып жүрген, ұстанымы, жеке пікірі, көзқарасы бар ұстаздар легі екені түсінікті болса керек-ті.