Балабақшадағы ас мәзіріне бақылау жүргізілді

Тараз қаласындағы №45 «Балбұлақ» бөбекжай-бақшасының ата-аналардан құралған қамқоршылық кеңесі қараша айының 21-і күні балаларды тамақтандыру мәзірінің сапасына бақылау жасады. Қамқоршылық кеңес мүшелерін балабақша меңгерушісі Нұрзада Мамбетова бастап алып жүрді.

0

Ас дайындайтын бөлме кең әрі жарық, ортада түскі ас мәзірі бұрқ-сарқ қайнап дайын тұр. Әр топқа ас кастрюлдермен таратылып жатты. Біз ә дегенде ас сақтау қоймасына бет алдық. Шағын, іші тап-тұйнақтай тап-таза жинастырылған. Үш қойманы аралап көрдік. Төрт бірдей мұздатқыш холодильниктердің әрқайсысын ашып көрсетті.  Жұмсақ ет мен сүйекті еттерді сақтайтын мұздатқыш бөлек, балық пен тауық еттерін сақтайтын мұздатқыш, қырыққабат пен сәбіз сақтайтын мұзатқыш бір қоймада екен. Өзге қоймада айран, сүт, қаймақ, ірімшік сияқты сүт өнімдері мен вермишел, күріш, қарақұмық секілді дәнді-дақыл түрлері сақталған екен. Ұн, картоп өнімдері суық қоймада сақталады. Барлығын аралап көрген соң түскі ас мәзірінен ауыз тиіп көрдік, өте дәмді екен. Түскі ас мәзірінде сүйек етімен қайнатылған қызыл қызылшадан жасалған сорпаға қаймақ қатып берілді.  Ал екінші асқа лағман, дәмді тұздығымен (подливімен) және алма компоты бірге ұсынылған.

Меңгерушісі Нұрзада Мәмбетова: «Бақылау ас мәзірін арнайы күн сайын құйып қоямыз. Күндігі бала басына 700-650 теңгеге шақталған ас мәзірі талапқа сай дайындалады.  Ата-аналар ай сайын 14 мың теңге төлейді. Аптасына бір мәрте банан, алма, бір рет тауық, үш рет ет, бір мәрте балық беріледі. Ас мәзірін апта бойы қайталанбауын қадағалаймын. Осы аптада мәнті берілсе, келесі аптада орама дайындалады. Азанда сүттен ботқа (каша) беріледі. 280 бала бар балабақшада. Қазіргі уақытта тұмауратқан 111 бала ауырып келмей жүр. Әрине бұл уақытша. Көп балалалы отбасы балаларына табысы күн көріс деңгейінен төмен болған жағдайда үкімет қаражат бөледі, көп балалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балалары үкіметтің қаржыландаруымен тегін тамақ ішеді. Қазіргі уақытта ондай 31 отбасы бар. Олар үш ай сайын құжат тапсырып отырады. Судак балықтан немесе еттен котлет жасаймыз, ет асып береміз, кеспе, қызылша, қарақұмық сорпасы. Қырыққабат, рассольник, шаруа сорпасы беріледі. Енді айта берсек сорпаның да түрі көп. Біз балалар сүйсініп ішіп қоюын қадағалаймыз. Мәселен кешкі асқа сүт тағамынан кеспе даярлағанымызда бұл тағам түріне көп балалар сүйсінбейтінін байқадық. Балалар сүйсініп жейтін ас түрлері ас мәзіріне енгізіледі.  Және ол тағамдар бір апта ішінде қайталанбайтынына, апта ішінде түрлі ас мәзірін қамтып отыруға мән береміз»,-деп мән-жайды түсіндірді.

Қамқоршылық кеңес мүшесі Досова Айгерім: — «Балам «Құлпынай» тобына келеді. Балабақшада бүгін таңертеңгілік сүттен жасалған ботқаны жеп көрдім. Тұз бен шекер татымына қарай қосылған екен, бетіне сары май қосылған өте дәмді. Ас мәзіріне көңілім толады»-деді.

Қамқоршылық кеңесінің құрамындағы ата-ана: «Менің есімім Елмира Сағындықова, ата-анамын. Бұл балабақшаға екі балам келеді. Біреуі «Айгөлек», екіншісі «Балапан» топтарына барады. Расын айтқанда, балаға балабақшада үйдегі бізден де артық жақсы қарайды. Қарны тоқ, неше түрлі ой дамытатын ойындар ойнатылады. Көңіліміз тоқ. Балаларымыз жылы жерде жүр, мұнда бар жағдай жасалған. Балабақша сәнді безендірілуімен балаларға қуанышты көңіл күй сыйлап тұрағандай»,- дейді.

Ал балабақша меңгерушісі Нұрзада Үсенқызы: «Сүйек сорпасынан жасалған тағамға ата-аналар тарапынан неге ет қосылмайды деп айтып жатады. Сорпа сүйекті қайнатып жасалғандықтан онда еттің құнары, нәрі болады. Тағамтану ғылымы бойынша балаларға бірінші және екінші ас мәзірі еттен болса, бұл асқазанға ауыр болатынын ескереміз, сондай-ақ бала басына шаққандағы төлемақы да соған сәйкестендірілген. Ендеше бұған алаңдаудың жөні жоқ»,-дейді кейбір ата-аналардың уәжіне жауабын тәптіштеп түсіндіріп. Қамқоршылық кеңес мүшесіне қамтылған ата-аналар балабақшаның қызметіне, соның ішінде өздері бақылаған ас мәзіріне көңілдері толатынын жеткізіп көңілді тарқасты. Балабақшаның асханасы тап тұйнақтай таза, ауасы желдетілген, тағамдары дәмді және апта сайын қайталанбайтын ас мәзірімен тартады.  Бұл әрбір ата-ананың көңілін жайландыратыны анық. Күнделікті ас мәзірінің құнарына сенімсіз ата-аналар болса, бақылау тағамдары үстелінен дәмін бақылауына болады.

Ғ.Бейсен

Leave A Reply

Your email address will not be published.