Қолөнер – ұлттық мәдениетіміз бен дәстүріміздің талғам шыңы

Ұлттық қолөнер бұйымдары көз жауын аларлықтай әсемдігімен қай кезде де жоғары бағаланады. Мәселен, матадан майда етіп құралған құрақ сөмке немесе оюмен құрақтап тігілген сөмке, сондай-ақ атлас матадан қолдан жиырып өрнектеп гүл салынған жастықша, Маргеландық жібек матаға киізбен бастырылған өрнектегі желегей абайкалар, міне осылайша сан түрлі бұйым жасауға болады. Таза жүнді илеп жібек матаға басып орамал, бөкебай, көкірекше жасау да бүгінгі күннің тренді. Мұндай қолөнер бұйымдарын көрген көрме көрермендері бар ықыласымен тәнті болатыны сөзсіз. Өйткені қолөнер шеберлігі екінің бірінің қолынан келе бермейді.

0

Облыстық жасөспірімдер үйінің еңбек нұсқаушысы Ақылбай Айгүл Күмісбекқызы мұндай қазақи нақыштағы бұйымдардың сан түрін тігеді. Ол он саусағынан өнері тамған қолөнерші. ТарМУ-нің «Тігін бұйымдарының инженер-технологы» факультетін бітірген.

Сонау кеңес үкіметі тұсында Жаңатас қаласы қайнаған қазандай сәні мен салтанаты келісті қала болды. Міне сол шағын қаладан үлкен арман арқалаған Ақылбай Айгүл Күмісбекқызы Жаңатастағы Абылайхан орта мектебінің түлегі. Мектептегі еңбек сабағында оның қолөнер бұйымдарын жасауға, тігін тігуге деген икемділігі қалыптасты. 1995 жылы Тараз мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, 2000 жылы тігін бұйымдарының инженер –технологі мамандығы бойынша дипломын алды.  Жасөспірімдер үйінде еңбек еткеніне 22 жыл болыпты. Осы жылдар аралығында  асыраушысынан айырылған 16-24 жастағы қыздарды еңбекке баулып, қолөнердің сыры мен сұлулығын ашып көрсетуден, қолдан бұйымдар жасап, көрмелер арқылы ұлттық қолөнер бұйымдарын насихаттаудан жалыққан емес. Айгүл Күмісбекқызы: — «Әкем үш ұрпағынан электрші. Менің сонау балалық шағымнан қазақтың ою-өрнегіне, құрақ құрау шеберлігіне тәнті болуым қазақи бұйымдарға деген құштарлықтан болса керек. Пайдасыз заттан көз жауын алатын бұйым жасауға болады. Мысалы, матасы тығыз, қара түсті белдемшеден (юбка) қымбат тастармен көркемдеп сөмке тіктім»- дейді қолөнерші педагог. Көрмеде көз жауын алар бұйымдарды сүйсіне қарадық.  Айгүл Күмісбекқызы өз өнерін заманауи тұрғыдан дамытып отыру үшін «Goloner-Taraz» қоғамдық бірлестік ұжымындағы 76 адамның құрамына 2023 жылдан бастап кірген. 2023 жылы Қазақстанда «Хас шебер» қауымдастығының ұйымдастыруымен фестивалге қатысып, жұмыстары Қазақстан  КИнЭС рекордтар кітабына енді. Қазақстанда алғаш рет қолөнершілер туын тіккені үшін  өзімен бірге шәкірттері Чеславлева Света, Шевелева Татяна Алғыс хатқа және сертификатқа ие болды. Қолдан кестелеп 15-6 метр ту тігіп, бұрын соңды болмаған қолөнерімен тәнті етті. Марліге жүнмен ою бастырып, шарф, бас киімдер тіккен екен. Мұнан өзге көрпеше, жастық, оюлы қоржындар, түйелер керуені бұйымдарын да жасаған. Әсіресе қабырғаға ілінген жасанды киізден жасаған сувенир тұмарлар топтамасы көз жауын алады. Азиялық ұлттардың ұлттық киімдерін тігіп, шәкірттерінің өнер көрсетуіне киіммен қолдау көрсетіп жүр. 2024 жылы мамыр айында Айгүл Күмісбекқызы Халықаралық семинар-практикумға қатысып келді. Сол басқосуға барған бірге қолөнер бұйымдарымен дара көрінген шәкірті Тастанбекова Сымбат 1-ші орын жүлдесіне ие болды. Ол өз шеберлігін дамытып отыруды назардан қалдырған емес.  «Креативті индустрияға арналған аксерациялық оқытулар» шеберлік сағатына қатысып, Алматы қаласы қолөнершілер палатасының президенті Д.Жанашеваның қолынан сертификат иеленді. «Қызғалдақ мұра-2025» фестивалі аясында Қазақстандағы ең алғашқы Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы мәртебесіне ие болған Тараз қаласында көлемі 200 шаршы метрді құрайтын алып текеметті жасауға қосқан үлесі үшін КИнЭс-2025 рекордтар кітабының кейіпкері атанып, сертификатқа ие болды. Жамбыл облысының 85 жылдығына орай ІІІ Халықаралық қолөнершілер фестиваліне белсене қатысқаны үшін  қала әкімінің сертификатына ие болды. Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Сүйікті қазақ ертегілерім» тақырыбында балалар шығармашылық байқауында өзі және шәкірті Хуралиева Надежда Алғыс хатқа ие болды. «Тараз жауһарлары»көркем еңбек пәні мұғалімдерінің, кәсіби суретшілер мен қолөнер шеберлерінің ІV Халықаралық симпозиумына қатысып, іс-шараның өтуіне қосқан үлесі үшін Ақылбай Айгүл Алғыс хатқа ие болды.  Республикалық фестивальде «СӘН» көрсетіліміне өз топтамасымен қатысқаны үшін марапатталды. «Астана күні» мерекесіне орай «Өнерліге өріс кең» атты қолөнершілер көрмесіндегі еңбегі үшін «Өнерлінің қолы алтын» номинациясы бойынша сертификатқа ие болды. Ағымдағы жылы 21 ақпан – Халықаралық ана тілі күніне орай арнайы ұйымдастырылған «Ана тілің алпыс тілге татиды» атты облыстық каллиграфия көмесіне қосқан үлесі үшін Алғыс хат иеленді.  Әбілхан Қастеевтің 120 жылдық мерейтойына орай халықаралық дизайнерлер мен білім саласы қызметкерлері, бейнелеу өнері мен көркем еңбек пәні мұғалімдерінің  Халықаралық семинар-пракутикумында үздік шеберлік сағатын көрсеткені үшін 1-ші орын дипломымен марапатталды. Міне, осылайша туған өңірде өткен көрмелер мен іс-шараларда  ұлттық қолөнер туындыларымен жарқырай көрініп, көрермендерді ұлттық заманауи өнерге тәнті еткен алтын қолды қолөнерші Айгүл  Ақылбайдың ізденуден жалықпай, қоғамға қосып жүрген үлесі зор. Ол өз шәкірттерінің арасынан да қолөнерді насихаттай білетін шебер тігінші, қолөнерші шықса деген асыл арманымен  үйретуден жалықпайтындығын көрсетуде.  Ұлттық өнер қазақ халқының мәдениеті, дәстүрі, талғам шыңы дейді ол. Ал сол шыңның биігіне нағыз таланттарды шығару оның басты мұраты.

Ғалиябану Үсенова

Leave A Reply

Your email address will not be published.