ҰБТ – арман баспалдағы
2025 жылдың 10 -11 маусым күндері Тараз қаласындағы аймақтық тест орталығына арнайы барып, ата-аналармен және ҰБТ тапсырушылармен сұқбаттастық. Жалпы жастардың студенттік өмірге аяқ басуы алдындағы дайындықтары, ҰБТ әділдігіне сенесіз бе, қол жеткізген балыңыз қандай, мамандық таңдаудағы көзқарасыңыз және мектеп өмірінен өкініш бар ма деген бірдекіл сауалдарымызды қойған едік. Жауаптар төмендегіше өрбіді.
Мұрат Мадина: – Мен Тараз қаласындағы Сағадат Нұрмағанбетов атындағы №10 орта мектебінің түлегімін. Спорттық каратэ-до үйірмесіне кішкентай кезімнен қатыстым.Спорт мамандығын таңдадым. 4 сыныптан бастап қатысқан екенмін, жалпы 8 жыл үзбей спортты жаныма серік еттім. Мектеп қабырғасында оқып жүріп талай спорттық жарыстарға қатыстым. Қазақстанның 3 дүркін чемпионы атандым. Әлем чемпионының күміс және қола жүлдегерімін. Әлем кубогының алтын жүлдегерімін. Қазақстан кубогының алтын және күміс жүлдесімен марапатталдым. Мектеп өміріне қайта оралу құдіреті берілсе Қазақстан тарихын түп тұқияндап оқитын едім. Қазақстан тарихынан сәл төмен болып қалдым. Жасыратыны жоқ спорттық жарыстарға көп қатысып жүріп сабақтан қалған кездерім көп болған екен. Дегенмен оқуға түсемін деген үмітім бар. Осы Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы университетке түскім келеді.
Айтқұл Сабина:– Иә, мен де Тараз қаласындағы Сағадат Нұрмағанбетов атындағы №10 орта мектепті бітірдім. Шет елдің 10 университетіне тапсырдым. Флорида штатының Маями қаласына оқуға түсіп тұрмын. Америка елінің екі университетіне оқуға шақыртылдым. Оның 1-шісі шаруашылық негіздегі, 2-шісі грантқа қабылдайды. Nova Southeastern University виза берілсе болды тамызда кетемін. Ағылшынша жақсы білемін. Болашақ мамандығым маркетинг,бизнес-менеджмент. Оқу жылының басында ҰБТ-ға дайындалып жүрдім. Желтоқсан айында шетелге кетем деп шештім. Қаңтарда өтініш тастадым, ақпанда жауабы келді. Оқуға түсіп тұрмын. Алайда ол жақта емтихан тапсырамын. Отбасылық өмірім туралы айтсам, өзім отбасының бір ғана перзентімін, анам жұмыссыз, әкем жоқ. Шетелде оқу менің арманым. Жастар шетелде қалып жатыр деп ел арасында көп айтылады. Оқуды бітірген соң ол жақта қалмаймын. Біріншіден анам жалғыз, екіншіден өз Отаным қымбат.
Қайрат Әйгерім: – Тараз қаласы Шерхан Мұртаза атындағы мектептің білім алушысымын. Бүгін ҰБТ-дан 91 балл алдым. Әрбір жоғары оқу орындары оқуға қабылдану балын белгілеген. Есептедім, 3 университетке грантқа түсіп тұрмын. Әл Фараби атындағы университетке және Абай атындағы университетке. Туризм география мамандығын таңдадым. Ағылшын, географиядан тапсыру керек. Ағылшын тілін меңгеру қабілетін зерделейтін халықаралық IELTS емтиханын тапсырғанмын., одан автоматты түрде өтіп тұрмын 42 баллмен. Бүгін географиядан ҰБТ тапсырып шықтым, жалпы 91 балл иелендім. Мектепке қайта оқысам ағылшыннан гөрі географияға көп көңіл бөлетін едім. Мен ютубпен көбірек дайындалдым. Кітаптан көбірек келді. Кітапты көбірек оқу керек екенін түсіндім. Менің анам солтүстіктің қызы, орыс тілін жақсы білемін. Ағылшыннан да жақсы көрсеткіш. Географиядан әлі де оқып дайындаламын. Ата-анам медицинаны таңдауымды қалады. Өзім туризмді таңдадым. Ата-анам кішкентай кезімнен шет елге шығып қыдыр деп мотивация берген . Сол үшін туризм мені көп қызықтырады.
Данагүл Калимбетова, ата-ана: – Менің немере қызым ҰБТ тапсырып жатыр. 11 сыныпта ақылы түрдегі мектепке беріп дайындадық. Немере қызым — Рамазанқызы Камила Юстади мектепті үздік бағамен бітірді. Бұрын №3 лицейде оқыған болатын. ҰБТ-ның бұрынғымен салыстырғанда арасы жер мен көктей. Зманымызға сай осы ҰБТ дұрыс болды. Қазіргі кезде төмен балл алса, тағы тапсыруға мүмкіндік бар. Бұрынғы біздің заманымызда таныс-тамыр көп болды. Қазір өз білімімен өтеді. Ағылшын тілі бойынша мамандықты таңдап отыр немерем. Бұйыртқанын көреміз.
Яходжей Сымбат: – Байзақ ауданының Тегістік ауылынан келдік. Інім ҰБТ тапсыруда. Медицинаны таңдап отыр. Әзімбек Жанқұлиев атындағы орта мектепті тәмамдады. ҰБТ әділ болады, білімдері жақсы болса көрсеткіш те солай болады ғой. Кеңес өкіметі кезінде жылына бір-ақ рет тапсыратын. Қазір балаларға жақсы жағдай жасалып отыр. Тек білімдері болса жақсы нәтиже көрсетеді. Жоғары білімді медиктерге оңай емес. Қиналып оқыса, тәтті жемісін көреді деп ойлаймын. Медицина барлық жерге керек, өшпейтін мамандық.
Әділбек Динара: – 126 балл алдым. Тараз Aec High School мектебінде білім алдым. Қаңтарда 125 балл алғанмын. Қазір 126 балл алдым. Қазақ тілінен 48, Қазақ әдебиетінен 49 балл алдым. Балалармен жұмыс істеу ұнайды. Бұрын Керімбай атындағы №12 орта мектепте оқығанмын. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен мұғалім болғым келеді. Алматы не Астанада оқығым келеді. Үйде үш баламыз. Үйдің үлкенімін.
Әділжан Әлиакбар: – Информатика, математиканы таңдадым. Жекеменшік «125» мектепте оқыдым. Бұрын №8 гимназияда оқығанмын. Бүгін маған оңай болды. 5 пәннен тапсырдым. Оқу сауаттылығы, математика, Қазақстан тарих, оқу сауаттылығы, математика сауаттылығы, информатика 109 балл алдым. Таңдағаным информатика. Тарихтан ғана төмен болып қалды. Астанада оқығым келеді. Оқып қарық қылған жоқпын. Бәрі ойдағыдай. Маған мектеп өмірі қайта келсе, қалай оқыдым, солай жүретін едім. Мені осы балл қанағаттандырады.
Әбдімәлік Елдос:– Тараздағы №45 гимназиядан білім алдым. Соңғы екі-үш апта 10-12 сағат дайындалдым. Ұстаздарымның барлығына рақмет айтамын. «140» курста қосымша оқыдым, олардың ютуб каналының көмегі де тиді деп ойлаймын. Сондағы Абай ағайға, барлық ұстаздарыма алғысым шексіз. 8-9-сыныпта республикалық физика-математика мектебінде оқыдым. 10-11-сыныпты қайта Таразға келіп гимназияда оқыдым. Алматы, Астананың жоғары оқу орындарында оқығым келеді. 110 балл алдым. База деректер қауіпсіздігі мамандығын алуды жаспарлап отырмын.
Мыңжасар Мадина:– 10 сыныпқа дейін №39 мектеп-гимназияда оқыдым. 11 сыныпта Ozat High School жекеменшік мектебінде білім алдым.15 күннен кейін тағы да тапсыруға мүмкіндік бар. Сәл төмен боп қалдым. Ойлағаным 95 балл еді. Мамандық банк ісі, қаржы мамандығын таңдадым. Таңдау пәнім геомат. Түске дейін мектепте болсам, қосымша сабақта 4-5-ке дейін оқыдым. 9-10-ға дейін өздігімнен дайындалдым. Мектепте оқу қайта берілсе баға үшін емес, өзім үшін білім алуға оқитын едім.
Ғ.Бейсенқызы